Маусымдық аллергия. Емдеу жолдары қандай

Әлемде әр оныншы адам аллергиядан зардап шегеді. Павлодар облысында бір жылда 2700-ден тұрғын алғаш рет аллергияға шалдыққан. Деректер жыл сайын көбеюде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Көктем және жаз мезгілдерінде маусымдық аллергиялық ринит белең алады. Дәрігерлердің айтуынша көктемде аллергия тудыратын заттар көбейе түседі. Жиі кездесетін аллергендердің қатарында құрамында ақуызы бар өсімдік тозаңдары бар.

Өңірде мамыр айының соңында арамшөп гүлдеп, ағаштар бүршік жарады. Бұның барлығы аллергия тудыруы мүмкін. Бұл маусымдық риниттің себебі болуы ықтимал. Өсімдік тозаңдарының ұсақ бөлшектері желмен таралып, адамның тыныс алу жолдарына түседі. Салдарынан синусит, назофарингит, ларингит және конъюнктивит сияқты аурулар туындайды. Тіпті, бронхты демікпе де пайда болуы ықтимал. Бұл өз кезегінде адамның иммунитетіне кері әсер етеді. Осы кезде дәрігердің көмегіне жүгінген абзал, - дейді Семей медицина университеті облыстық филиалының кафедра меңгерушісі Ақмарал Қожанова.

Аллергиялық риниттің алдын алудың жалғыз жолы – аллергенмен байланысты болдырмау.

«Аллергияға бейім адамдар өсімдіктердің гүлдену кезеңінде далаға көп шықпағаны дұрыс. Бөлмені жиі желдетіп отыру қажет. Ал далаға шығарда арнайы спейді қолдануға болады. Дәрілік препарат тыныс алу жолдарын өсімдік тозаңынан қорғайды. Бұл, әрине, ең қарапайым тәсілдер. Бұдан бөлек терапиялық шаралар бар. Сараптамалар тапсырып, негізгі себептерді анықтау керек. Кейін маман емдеу тағайындайды. Терапия кем дегенде бес жыл өткізілген жөн, - дейді маман.

Мамандар аллергияны өз бетінше емдемеу керектігін ескертеді. Себебі соңы өзге дерттің пайда болуына сеп болуы мүмкін.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: pixabay.com
Өзгелердің жаңалығы