Мәуліт айы басталды: қандай ізгі амалдар жасаған абзал?

Қасиетті Мәуліт мерекесі биыл мұсылман күнтізбесі бойынша 3-4 қыркүйекке сәйкес келеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы барша қазақстандықтарды Мәуліт айының басталуымен құттықтап, бұл айдың мән-маңызына тоқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Мәуліт айы – ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келген айы. Ислам діні бойынша, бұл мерекенің мақсаты – пайғамбардың өнегелі өмірін насихаттап, жастарды имандылыққа, адамгершілікке және ізгілікке тәрбиелеу.

Баршаңызды ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің дүниеге келген қасиетті Мәуліт айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа амандық пен шаттық, береке мен бірлік тілеймін. Алла Тағала баршамызды Өзінің шынайы құлы, сүйікті Елшісінің лайықты үмбеті етсін! – деді Бас мүфти.

Наурызбай қажы Тағанұлының айтуынша, Мәуліт айында мешіттерде Құран оқылып, пайғамбарға салауат айтылады, мәуліт жыры оқылады.

Ол сондай-ақ Құран Кәрімнің "Ахзаб" сүресіндегі 56-аятты еске салды:

Расында, Алла және Оның періштелері Пайғамбарға салауат айтады. Уа, иман келтіргендер! Сендер де оған салауат айтып, сәлем жолдаңдар, - деп жазылған "Ахзаб" сүресінің 56-аятында.

Пайғамбар хадистерінде де салауат айтудың мол сауапқа жетелейтіні айтылған.

Кім маған бір салауат айтса, Алла оған он салауат айтады, оның он күнәсін кешіреді әрі дәрежесін он есеге көтереді, – делінген хадисте.

Бас мүфти мұсылмандарды Мәуліт айын ізгі амалдармен өткізіп, пайғамбар сүннетін ұстануға шақырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы