Мәулен Әшімбаев: Вакцинациялауды мәжбүрлі түрде жүргізу мүмкін емес

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат төрағасы пандемияға байланысты вакцинациялаудың мәжбүрлі түрде жүргізілмейтінін айтты. Бұл туралы Мәулен Әшімбаев facebook-тегі парақшасына жазды.

Өз жазбасында Сенат спикері Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында көтерілген мәселелерге назар аударып, Президент тапсырмаларының маңызына тоқталған.

Президентіміз қазақстандықтардың нақты табысын арттыру, шағын және орта бизнесті қолдау, экономикалық өсуді қамтамасыз ету мәселелеріне баса мән берді. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекеттік шығындарды оңтайландыру, азаматтардың өтініштерін қараудың тиімділігін арттыру және интернеттің сапасы мен жылдамдығына қатысты мәселелерді шешу жұмыстары бойынша тапсырмалар берді, – дейді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар, Сенат төрағасы вакцинациялау мәселесі туралы сөз қозғап, бұл тақырыптың қазір қоғамда жан-жақты талқыланып жатқанын атап өткен.

Осы ретте Денсаулық туралы кодексті қабылдау кезінде сенаторлар емдеуден және профилактикалық екпелерден бас тарту мүмкіндігі туралы түзетулер енгізгенін атап өткен жөн. Сондықтан әлеуметтік желілерде айтылып жүрген кейбір пікірлерге байланысты Қазақстанда вакцина егуді мәжбүрлі түрде жүргізу мүмкін еместігін айтқым келеді.

Алайда, тек вакцинация арқылы ғана пандемияға тосқауыл қоюға болатынын түсінуіміз керек. Тарихта мұндай жағдай алғаш рет болып отырған жоқ. Індет жайлаған кезеңдерде вакцина адамзатты бірнеше рет аман сақтап қалды. Сондықтан қазір таңдау жасауымыз қажет. Қанша уақытқа жалғасатыны белгісіз, үлкен әлеуметтік салдары бар карантиндік шектеулерді әрі қарай күшейткен дұрыс па, әлде жаппай вакцинациялау арқылы ұжымдық иммунитет қалыптастырып, қалыпты өмірімізге қайта оралғанымыз жақсы ма? Жауап әркімге түсінікті болар.

Вакцинациялау - мәжбүрлі шара емес. Бірақ, тұтас халықтың денсаулығын сақтау тұрғысынан өте маңызды қадам. Сондықтан мемлекеттік аппарат пен қоғамдық институттар бұл бағытта түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізуге тиіс, – делінген жазбада.

Сондай-ақ, Мәулен Әшімбаев Үкімет отырысында Президент бұдан басқа да маңызды мәселелерге тоқталып, Үкімет пен әкімдерге нақты міндеттер жүктелгенін тілге тиек еткен.

Осыған орай Сенат алдағы уақытта Мәжіліспен бірлесіп, Мемлекет басшысының бастамалары мен тапсырмаларын табысты іске асыруға қажетті заңдар қабылдау жұмыстарына басымдық береді, – дейді Сенат төрағасы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы