Мәулен Әшімбаев: Тарихымызды түгендеу үздіксіз жалғаса береді
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай әлеуметтік желілердегі парақшаларында пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгін – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні.
ХХ ғасырдың бірінші жартысында халқымыз өз тарихындағы аса ауыр оқиғаларды басынан өткерді. Миллиондаған адам қуғын-сүргін және ашаршылық жылдарының тауқыметін тартты. Сондықтан 31 мамырды сол кезеңдерді еске алатын және тарихтан тағылым алатын күн ретінде атап өтеміз.
Қазіргі таңда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен өткенді зерделеу, оған объективті баға беру, соның негізінде ұлтымыздың тарихи санасын жаңғырту жолында ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Соның аясында Қазақстан тарихының көптомдық академиялық жинағы әзірленіп жатыр, - делінген жазбада.
Бұл жұмыстар өткеннің ақиқатын жақын танып, халқы үшін құрбан болған арыстарымызды ұлықтауға және жазықсыз зардап шеккен азаматтарды ұмытпауға ықпал етері анық.
Мұның бәрі, түптеп келгенде, халқымыздың бірлігін бекемдей түсетін, бейбіт күннің қадірін арттыратын, өскелең ұрпақтың отаншылдық рухын шыңдайтын қадамдар екені сөзсіз. Сондықтан тарихымызды түгендеу үздіксіз жалғаса береді.
Жалпы, бұл күннің халқымыз үшін тағылымы мол, бағасы басым. Сол себепті, оны дәріптеу, бабалар рухына тағзым ету – баршамыздың азаматтық парызымыз.
Енді ешқашан мұндай нәубеттер болмасын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Тәуелсіз Қазақ елі мәңгі жасай берсін!, - деп жазды Мәулен Әшімбаев.