Мәулен Әшімбаев студенттермен Жолдау басымдықтарын талқылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев М.С.Нәрікбаев атындағы КАЗГЮУ университетіне барып, студенттермен және оқытушы-профессорлар құрамымен кездесті. Сондай-ақ оқу орнының материалдық-техникалық базасымен танысты.

Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында Палата спикері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа саяси реформаларына кеңінен тоқталды. Мәулен Әшімбаев Жолдауда айтылған басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға біржола көшу туралы бастама жаңару мен жаңғыру жолында айрықша мәнге ие екенін атап өтті.

Президентіміздің реформалары, ең алдымен, биліктің монополиясын жоюды және саяси бәсекелестікті дамытуды көздейді. Осы мәселені нақты шешіп алмай, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мүмкін емес. Сондай-ақ сайлау жүйесі және Парламент пен мәслихаттардың құрылымы мен жұмысы айтарлықтай қайта жаңғырады. Мұндай қадам халық сеніміне ие, елге сыйлы, тың идеялар ұсына алатын жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашады, – деді Сенат төрағасы.

Болашақ заңгерлермен кездесуде саяси реформалардың тағы бір маңызды бағыты – сот және құқық қорғау жүйелерін жетілдіру мәселесі сөз болды. Бұл бастама азаматтардың іргелі құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталғаны белгілі.

Мемлекет басшысының бастамалары біздің қоғамда әділеттілік қағидатын іске асыруға арналған. Жаңа Қазақстан құрудың негізгі шарттары заңның үстемдігін орнату, әділ және тиімді сот төрелігін қалыптастыру, сыбайлас жемқорлық пен тамыр-таныстықты жою және бәрінің заң алдындағы теңдігін қамтамасыз ету екені белгілі. Сондықтан Президентіміз сот және құқық қорғау жүйелерін жетілдіруді, сондай-ақ, азаматтардың іргелі құқықтарын қорғауды реформалардың маңызды бағыты ретінде белгілеп берді, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар іс-шара кезінде еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымына қатысты реформалар да әңгімеге арқау болды.

Жолдауда айтылған президенттік реформалар еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл салада қордаланған мәселе көп. Өңірлердің дамуына қатысты әлеуметтік-экономикалық теңсіздіктер байқалады. Өркендеу жағынан кенжелеп қалған аймақтар да бар. Осы ретте Мемлекет басшысы көтерген бастамалар өңірлердің өсуіне тың серпін береді. Сондай-ақ олар мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыру және нақты өкілеттіктерді орталықтан өңірлерге беру тұрғысынан да маңызды, – деді Сенат спикері.

Кездесуде білім беру жүйесіне және оны барлық деңгейде жақсартуға қатысты мәселелер де қозғалды. Мәулен Әшімбаев бұл аса маңызды міндет екенін айтты. Өйткені сапалы білімнің жалпыға қолжетімділігін қамтамасыз ету қаңтар оқиғасына түрткі болған әлеуметтік теңсіздік және кедейшілікпен күрестің тиімді тәсілі екені анық. Осы орайда Сенат Төрағасы білім сапасын арттыру ісінде бизнеске де үлкен жауапкершілік жүктелетінін тілге тиек етті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы