Мәулен Әшімбаев: Референдумның нәтижесі ұлтымыз үлкен өзгерістерге дайын екенін көрсетті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында палата төрағасы Мәулен Әшімбаев референдумның қорытындысына қатысты пікір білдірді.
5 маусым күні елімізде жалпыұлттық референдум өтті. Бұл ел тарихындағы ең маңызды және шешуші оқиғалардың бірі болғаны сөзсіз. Референдумға қатысқан азаматымыздың басым бөлігі Конституцияға ұсынылған түзетулерді қолдап, дауыс берді. Осылайша Қазақстан халқы Президентіміздің жаңа Қазақстанды құру жолындағы бастамаларына қолдау білдірді, - деді Әшімбаев.
Оның айтуынша, референдумның нәтижесі ұлтымыз үлкен өзгерістерге дайын екенін көрсетіп берді. Ендігі міндет – халықтың осы қалауын іске асыру. Өйткені елімізді жаңғырту үшін жүргізіліп жатқан реформалар референдуммен шектелмейтіні түсінікті.
Нағыз жұмыс енді басталады десек артық бола қоймас. Мемлекет басшысы референдум қорытындысы бойынша жасаған үндеуінде осы мәселеге баса мән беріп, елімізді жан-жақты жаңғырту жалғаса беретінін айтты. Заңнамалық бағытта атқарылар істің ауқымы кең, маңызы зор. Себебі Президент айтқандай, конституциялық реформа бүкіл құқық саласын жаңғыртуға жол ашады. Бұл Парламентке үлкен әрі жауапты міндеттер жүктейді, - деп түсіндірді Сенат спикері.
Оның айтуына қарағанда, Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес заңнамаға тиісті түзетулер енгізу қажет. Сондай-ақ Сенаттың да жұмысын жетілдіру керек.
Жалпы біздің басты мақсатымыз – демократиялық-құқықтық әділетті және әлеуметтік мемлекет қалыптастыру. Осы жолда Сенат депутаттары белсенділік танытып, жаңа Қазақстанды құру ісіне үлкен үлес қосады деп сенемін, - дейді ол.