Мәулен Әшімбаев қаза тапқан кеншілердің туған-туыстарына көңіл айтты

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Костенко шахтасында опат болған кеншілердің туған-туыстарына көңіл айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында болған төтенше жағдай бәріміздің қабырғамызды қайыстырып кетті. Апат салдарынан қаза тапқан кеншілердің отбасылары мен жақындарына көңіл айтамыз. Сондай-ақ, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетулеріне тілектестігімізді білдіреміз. Мемлекет басшысы бұл жағдайды тікелей өз бақылауына алып, Үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылып, тиісті жұмыстар басталып кеткенін де атап өткен жөн, - деп жазды Сенат спикері Facebook парақшасында.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Президентіміз Үкіметке «АрселорМитталТеміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырғанын атап өтеді.

Еліміздің Бас прокуратурасы да сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастап кеткені белгілі. Алдағы уақытта қолға алынған шаралар өз нәтижесін беріп, кінәлілер заң жүзінде жауапқа тартылады деп сенеміз және мұндай төтенше оқиғалар енді ешқашан қайталанбасын деп тілейміз, - деді ол.

Айта кетейік, Қарағанды ​​облысындағы Костенко атындағы шахтада 28 қазан күні сағат 02:33-те жарылыс болды. Алдын ала болжам бойынша, лавада газ метан жарылған.

Тоқаев Үкіметке "АрселорМитталТеміртау" компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Сондай-ақ Бас прокуратура қылмыстық іс қозғады.

Костенко шахтасындағы апаттың себептерін тергеу жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылып, "АрселорМиттал" АҚ мемлекет меншігіне өтетіні белгілі болды.  

Денсаулық сақтау министрлігінің дәрігерлер тобы зардап шеккен кеншілерге медициналық көмек көрсету үшін Қарағандыға жіберілді.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Архив BAQ.KZ
Өзгелердің жаңалығы