Мәулен Әшімбаев: Конституциялық реформа – мемлекеттіліктің жаңа сипаты

Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы Қазақстанның саяси жүйесіндегі терең трансформациясы процесінің маңызды қадамы болғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Айтуынша, отырыстың басты өзегі ел дамуының жаңа кезеңін терең пайымдау, мемлекеттің институционалдық негіздерін нығайту және қоғамның сұранысы мен уақыттың сын-қатерлеріне сай келетін заманауи саяси модель қалыптастыру мәселелеріне арналды.

Экономика, қаржы жүйесі, шағын және орта бизнес

Өткен жылды қорытындылай отырып, Мемлекет басшысы қол жеткізілген нәтижелер ең алдымен қоғамның топтасуы мен жүргізіліп жатқан реформалардың тұрақтылығының арқасында мүмкін болғанын атап өтті. Экономиканың өсуі, мемлекеттік қаржы жүйесінің нығаюы, шағын және орта бизнестің рөлінің артуы, демографиялық серпін мен әлеуметтік саладағы оң өзгерістер – таңдалған бағыттың жүйелі түрде оң нәтиже беріп отырғанының айқын дәлелі. Сонымен қатар Президент реформалардың ең басты нәтижесі қоғамның өзінде болған өзгеріс екенін ерекше атап өтті: бүгінде әділдікке, заңдылыққа және өзгерістердің кері қайтпайтынына деген қоғамдық сұраныс қалыптасты, – деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.

онымен қатар Сенат спикері Ұлттық құрылтай заң шығару үдерісіне тікелей ықпал ететін шешімдер қабылдайтын тиімді тетікке айналғанын алға тартты. Құрылтай мүшелерінің бастамалары негізінде 26 заңның қабылдануы бұл институттың елді жаңғырту ісіне қосқан нақты әрі салмақты үлесінің айқын дәлелі болды.

Сондай-ақ әйелдердің құқықтарын қорғау мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, лудомания мен нашақорлыққа қарсы күреске, ономастика саласын ретке келтіруге, мемлекеттік наградалар жүйесін жаңартуға және еңбек адамдарының мәртебесін арттыруға бағытталған нақты заңнамалық шаралар жеке атап өтілді. Бұл шешімдердің барлығы мемлекеттің әлеуметтік жауапты әрі құндылықтарға негізделген даму моделін қалыптастыруға ұмтылысын айқын көрсетеді. Өз сөзінде Мемлекет басшысы мәдениет, өнер және рухани даму мәселелеріне де айрықша назар аударды. Отырыста мәдени инфрақұрылымды дамытуға, сондай-ақ креативті индустрияны қолдауға қатысты ауқымды бастамалар белгіленді. Жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруда және Қазақстанды халықаралық мәдени кеңістікте танытуда барған сайын белсенді рөл атқарып келе жатқан жастардың орнына ерекше мән берілді, – деді Сенат төрағасы.

Гуманитарлық ғылымдарды дамыту

Президент Ұлттық құрылтай мүшелерінің гуманитарлық ғылымдарды дамытуға, ғылыми зерттеулер нәтижелеріне қоғамның қолжетімділігін кеңейтуге және жаңа зияткерлік орталықтар қалыптастыруға бағытталған ұсыныстарын қолдады.

Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің қарқынды дамуы жағдайында Мемлекет басшысы ұлттық бірегейліктің маңызы арта түскеніне назар аударды. Цифрлық трансформация тек экономика мен басқару саласына ғана емес, мәдени әрі өркениеттік өзіндік сананың негіздеріне де әсер ететіні атап өтілді, – дейді Мәулен Әшімбаев.

Цифрландыру және жасанды интеллект жылы

Биыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялануы технологиялар ұлттық егемендікті нығайту мен ұлттың зияткерлік әлеуетін арттырудың құралы болуы тиіс деген стратегиялық түсінікті аңғартады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы жаппай цифрландырумен байланысты жаңа сын-қатерлерге де назар аударды. Бүгінде азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру және болашақтың жоғары технологиялы экономикасы үшін берік инфрақұрылымдық негіз қалыптастыру мәселелері алдыңғы қатарға шығып отыр. Осыған байланысты Мемлекет басшысының сөзіндегі елеулі бір бөлік Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігі мен цифрлық және индустриялық трансформацияға инфрақұрылымдық тұрғыдан дайындығы мәселелеріне арналды. Энергетикалық өзін-өзі қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың негізгі элементі ретінде айқындалды, – деп пайымдады Сенат спикері.

Сондай-ақ ол Президенттің жаңа генерациялайтын қуат көздерін жедел іске қосу, стратегиялық ресурстарды тиімді пайдалану, ең алдымен заманауи экологиялық технологияларды қолдана отырып көмірді кәдеге жарату қажеттігін, сондай-ақ басқарушылық қателіктерге жол беруге болмайтынын атап өткендеріне тоқталды.

Қазақстанның орнықты экономикалық өсімі мен халықаралық бәсекеге қабілеттілігінің негізі ретінде көлік-логистика кешенін дамытуға да ерекше көңіл бөлінді. Қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіп мәселелеріне тоқталған Президент әлеуметтік те, экономикалық салада да алаяқтармен күресті күшейту қажеттігін айтты. Заң мен тәртіпті бұзған барлық тұлғаларға жауапкершіліктің бұлтартпастығы қағидаты дәйекті түрде қолданылуы тиіс екені ерекше атап өтілді, – дейді Сенат төрағасы.

Патриотизм, заң мен тәртіп

Президенттің сөзінде патриотизм тақырыбы да маңызды орын алды. Ол азаматтық жауапкершілік пен елге нақты қызмет етудің көрінісі ретінде қарастырылды.

Мемлекет басшысының айтуынша, патриотизм даурықпа сөзбен емес, нақты іспен – туған жерге жанашырлықпен қарау, қоғамдық пайдалы бастамаларға қатысу, волонтерлік, қайырымдылық және әлеуметтік кәсіпкерлік арқылы көрінуі тиіс. Осы тұрғыда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы жауапкершілік пен қоршаған ортаға құрмет мәдениетін қалыптастыратын жаңа ұлттық идеологияның маңызды құрамдас бөлігі ретінде аталды.

Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстан еңбекқор азаматтар еліне, Әділдік, Заң және Тәртіп үстемдік ететін аумаққа айналуға тиіс. Сөздің өзекті бөліктерінің бірі ауқымды саяси жаңғырту мен конституциялық реформа тақырыбы болды. Президенттің айтуынша, бір палаталы Парламентке көшу бастамасы сарапшылардың, саяси партиялардың, қоғамдық ұйымдардың және азаматтардың қатысуымен жан-жақты талқылаудан өткен. Қоғамда алдағы өзгерістердің мақсаты мен қисынына қатысты түсінік қалыптасқан. Әлеуметтанулық зерттеулер, депутаттардың өңірлердегі сайлаушылармен кездесулері және Жұмыс тобының қорытындылары да қоғамдық қолдаудың бар екенін әрі түбегейлі келіспеушіліктердің жоқтығын көрсетеді, – дейді спикер.

Бірпалаталы Парламент

Ұлттық құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы болашақ бір палаталы Парламенттің құрылымын таныстырып, оның құрамы тиімді әрі кәсіби болуы тиіс екенін атап өтті.

Жаңа Парламентке «Құрылтай» атауын беру жөніндегі ұсыныс принципті маңызға ие болды. Бұл атау мемлекеттіліктің сабақтастығын және қазақ халқының тарихи дәстүрлерімен байланысын білдіреді. Депутаттық корпусты қалыптастыруға қатысты ұстаным да айрықша мәнге ие. Парламенттегі сайлаудың пропорционалды жүйесі саяси партиялардың рөлін күшейтіп, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырса, өңірлік деңгейде мажоритарлық модельдің сақталуы жергілікті қауымдастықтардың мүдделерін толыққанды білдіруге мүмкіндік береді, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ ол Мемлекет басшысы реформаның стратегиялық мақсаты мемлекеттің институционалдық негіздерін нығайту және «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» қағидатына сай орнықты саяси жүйе қалыптастыру екенін нақты айтқанын алға тартты. Дәл осы модель әділетті қоғам құрудың, азаматтардың мүмкіндіктерін кеңейтудің және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетудің берік тірегіне айналуға тиіс.

Президенттің айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың бұрынғы форматтағы тарихи миссиясын сәтті атқарды деуге болады. Бұл институттар этносаралық келісімді нығайтуда, қоғамдық диалогты қалыптастыруда және тәуелсіз Қазақстанның негізгі құндылықтарын ілгерілетуде аса маңызды рөл атқарды. Алайда алдағы өзгерістердің логикасы жаңа институционалдық модельге көшуді талап етеді.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы мемлекеттің жоғары консультативтік органы ретінде Қазақстанның Халық Кеңесін құруды ұсынды. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың функциялық сабақтастығын сақтай отырып, жаңа институт қоғамды ұйыстыруға, бейбітшілік пен келісімді нығайтуға, Конституция ережелерін түсіндіруге және мемлекеттіліктің базалық құндылықтарын ілгерілетуге бағытталмақ. Сонымен қатар Халық Кеңесіне Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезін өткізу өкілеттігі беріледі, – деді Мәулен Әшімбаев.

Вице-президент институтын құру

Сөзін қорытындылай келе, Мемлекет басшысы 2022 жылғы конституциялық реформалар елдің теңгерімді әрі тиімді саяси жүйесінің негізін қалағанын атап өтті.

Өзгерістер биліктің барлық тармақтарын – заң шығарушы, атқарушы және сот жүйесін, орталық және өңірлік деңгейлерді қамтыды. Президенттік институттың өзінде де елеулі эволюция жүріп, бұл мемлекеттік басқарудың неғұрлым орнықты әрі заманауи моделін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Осы тұрғыда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Вице-президент институтын құру және оны Конституцияда бекіту жөнінде жаңа, принципті маңызы бар ұсыныс айтты. Мемлекет басшысының атап өтуінше, бұл лауазымды енгізу мемлекеттік жүйенің тұрақтылығы мен басқарылуын арттыруға, сондай-ақ билік иерархиясын нақты реттеуге бағытталған. Ұсынылып отырған өзгерістердің жиынтығы елдің институционалдық әлеуетін күшейтіп, оның дамуына қосымша серпін беруге тиіс, – дейді Сенат төрағасы.

Қорытындылай келе, Мемлекет басшысы барлық ұсынылған конституциялық бастамалардың жүйелі әрі тарихи сипатын ерекше атап өтті.

Егер олар жалпыұлттық референдумда азаматтар тарапынан қолдау тапса, Қазақстан институционалдық жаңғырудың терең кезеңіне қадам басып, мемлекеттіліктің жаңа архитектурасын қалыптастырады. Сондықтан табыстың басты шарты – қоғамдық бірлік пен азаматтардың саналы қолдауы. Бұл Қазақстанға күрделі әрі құбылмалы уақыттың сын-қатерлеріне лайықты жауап беріп, әлемнің дамыған мемлекеттері қатарынан өз орнын алуға мүмкіндік береді, – деп түйіндеді Мәулен Әшімбаев.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы