Мәулен Әшімбаев ІІ Елизаветаны жерлеу рәсіміне қатысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Патшайымы ІІ Елизаветаны мемлекеттік жерлеу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Аталған рәсім 2022 жылғы 18-19 қыркүйек күндері Лондон қаласында өтті. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі жазды.

Сенат Спикері 18 қыркүйекте Вестминстер холлында Патшайымның табытын зиярат ету рәсіміне қатысып, Қазақстан Республикасының атынан ресми көңіл айту кітабына жазба қалдырды. Ол II Елизавета аса көрнекті көшбасшы және британ ұлтының бірлігі мен тұрақтылығының символы болғанын, алдағы уақытта да Патшайымның тектілігі, қадір-қасиеті мен жетістіктері әлемдегі миллиондаған адамды жігерлендіре беретінін атап өтті.

Сол күні Мәулен Әшімбаев Букингем сарайында Король ІІІ Чарльздің Еуропа, Таяу Шығыс және Азия елдерінің, үкіметтер мен халықаралық ұйымдардың басшыларының және корольдік отбасы мүшелерінің құрметіне арналған қаралы қабылдауына қатысты. Сенат Төрағасы Король ІІІ Чарльзбен сұхбат барысында Мемлекет басшысының атынан көңіл айтып, ел Президентінің шешімі бойынша жақын арада Астананың орталық саябағындағы гүлзарлардың біріне ІІ Елизавета Патшайымның есімі берілетінін жеткізді. Ұлыбритания монархы мұрагер ханзада ретінде 1996 жылы Қазақстанға жасаған сапарын еске алды. Сондай Король Патшайымның қазасына байланысты ықылас танытқаны үшін ризашылығын білдіріп, Қазақстан басшылығы мен халқына игі тілектері мен ілтипатын жеткізді.

Қазақстандық делегация 19 қыркүйекте Вестминстер аббаттығында өткен II Елизавета Патшайымды жерлеу рәсіміне қатысты. Біздің ел делегациясының құрамында Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенконың болғанын да атап өткен жөн. Рәсімге 2000-ға жуық мейман қатысты. Олардың қатарында корольдік отбасының мүшелері, мемлекет және үкімет басшылары, дипломаттар мен қоғам өкілдері бар.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Король ІІІ Чарльзге көңіл айту жеделхатын жолдады. Онда Мемлекет басшысы Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан Корольдің, корольдік отбасы мен барлық британдықтың қайғысына ортақтасып, көңіл айтты. Сондай-ақ ел Президенті Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігіне барып, көңіл айту кітабына жазба қалдырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы