Мәулен Әшімбаев: Аталарымыз бен әкелеріміздің қайсарлығын ешқашан ұмытпаймыз
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бүгінгі 9 мамыр – Жеңіс күніне орай Facebook және Instagram әлеуметтік парағында құттықтау жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Баршаңызды Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл мейрам – асқақ рух пен ерен ерліктің символы. Батыр бабаларымыздың даңқты жолы қашанда елдің айбынын асырып, ұрпаққа ұран болып қала береді. Біз майдан даласында жанқиярлық танытқан аталарымыз бен әкелеріміздің қайсарлығын ешқашан ұмытпаймыз, - деді ол.
Жеңіс күніне орай кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Отан Ана» монументіне гүл шоқтарын қойып, соғыста қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің рухына тағзым етті.
Бүгін қазақтың қаһарман ұлы, екі дүркін Кеңес Одағының Батыры, әйгілі ұшқыш-шабуылдаушы Талғат Бигелдиновтің ескерткішіне арнайы бардым. Ұшқыр ұшақты еркін тізгіндеп, ұрыс кезінде үлкен ерлік көрсеткен батырдың есімін ұлықтау, оның ғибратты ғұмырын жас буынға кеңінен дәріптеу айрықша маңызға ие. Мұндай қадам бейбіт күннің қадірін арттырып, қасиетін ұғындыра түседі деп сенеміз.
Осынау мерекемен құттықтай отырып, баршаңызға зор денсаулық, амандық және елімізге ашық аспан тілеймін!
Жеңіс күні құтты болсын!, - деп жазды Мәулен Әшімбаев.