Мәтібұлақта "Сұңқар аңшылығы" басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Отар» 40-шы әскери базасының «Мәтібұлақ» полигонында ұшқышсыз ұшу аппараттарының жауынгерлік есептоптары арасында «Сұңқар аңшылығы» жарысы басталды.

Ұшқышсыз ұшу құрылғылары есептоптарының жарысы әуедегі барлауды жүргізу жаттығуларын орындаудан басталды. Жеребе бойынша конкурсты бастаған Иран командасы. Артынша жарысты Беларусь, Қазақстан және Ресейдің жауынгерлік есептоптары жалғастырды.

Бас төрешінің бұйрығымен ұшқышсыз ұшу аппараттарының есептоптары барлау жүргізу аудандарының координаттарын және нысандардың сипаты көрсетілген ұшу тапсырмаларын алды. Жертөледегі танк, жаяу әскердің жауынгерлік машинасы, жүк көлігі және дүркіндетіп ату реактивті жүйесін басқару пункті іздеу нысандары болды.

Ұшу тапсырмасында көрсетілген объектіні анықтаған оператор оны кемінде үш жағынан белгілеп, төрешіге объектінің табылғанын, координаттары мен сипаттамаларын баяндауға тиіс болды.

Есептоптардың іс-қимылы жаттығуды орындауға жұмсалған жалпы уақыт пен анықталған объектілердің санына қарай бағаланды.
Қазақстан командасы барлық табылған нысандарды объективті бақылаудың ең үздік уақыты мен барынша толық ақпарат беруді көрсетті. Екінші орынға Беларусь командасы ие болса, ал үшінші орын – Ресейге бұйырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы