Профессионалдар. Тракторшылар, диқандар мен химиктер

Астана, BAQ.KZ тілшісі. «Егініңді күз суар, күз суарсаң – жүз суар» деген сөз бар. «Жаз қамын қыста ойлайтын» диқандардың бұл сөзге тоқталмайтыны жоқ. Күзде суға қанған жерден жазда мол өнім күтуге болады.
Егін үшін қыс та маңызды. Мал баққан ел қар жаумауын, боран соқпауын тілесе, егіншілер қардың мол жауып, жиі боран соғуын тілейтін сияқты.

Астанадан 70 шақырым жерде орналасқан А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы қар тоқтату жұмысын жүргізді.



Бұл - диқан үшін жоспарлы шаруалардың бірі. Себебі қыста қар мол тоқтатылса, жер ылғалды болып, жазда егін бітік шығуын күтуге болады. Дегенмен, халықтың ежелден бергі тәмсілінде қопсыған қар көктемде тез еріп, кейде жерге сіңбей, су боп ағып кетуі мүмкін екен. Ал із түспей, табиғи қалпында жатқан сүрі қар өз бетімен еріп, жерге сіңуі де жақсы болмақ.



Алайда, егіншілік тәжірибесінде 25 жылдан артық жұмыс істеп келе жатқан тракторшы Юрий Баженовтің айтуынша, бір қыста екі-үш рет қар тоқтатуға болады екен.



«Бәрі ауа райына байланысты. Жиі боран соғып, салған ізімізді басып қалса, тағы бір-екі рет қар тоқтатуымыз мүмкін. Кей жылдары қар қалың түскенімен, боран соқпай, бір-ақ рет қар тоқтатумен шектелеміз. Мынау бірінші із ғой, алда тағы бір жүреміз деп ойлаймын» - дейді тракторист.


Табиғат ақ жамылғысына оранып, бұйығып жатыр. 33 градус аязға қарамай, жаз қамын қыс ойлаған жігіттер қар көбесін сөгіп жүр.


«Ғылыми орталықта жастарға қатты көңіл бөлеміз. Осы жылы орталық жанынан - білім беру орталығын ашу жоспарланған. Бұл деген - агроөнеркәсіптік кешеннің алдыңғы қатарлы технологияларын шаруа қожалықтарына тарату. Біз оларға дайын маманды береміз, олар бірлесіп жұмыс істейді. Өзім осы орталыққа келгеніме 2 жылдан асты, баспанам бар, жалақым көңілімнен шығады» - дейді экономист жас маман Манат Бердияр.


Қар тоқтату – топырақта қысқы жауын-шашын есебінен ылғал жинау үшін жасалады. Далада қар тоқтату жұмыстарын жүргізу кезінде диқандарға уақыттан ұтылмау керек.  


Қар тоқтату  қардың тереңдігі 12-15 см-ден асқан кезде, желсіз күні жүргізіледі.  


Қар үйінділері желдің бағытына көлденең орналасуы тиіс. Солтүстік өңірлерді құрғақшылық жайлаған жылдары қар жамылғысының қуатын 2-2,5 есе арттыруға болады, қар суын 55,0-70,0 мм дейін толықтыруды қамтамасыз ете отырып, қар тоқтатпаған стерняға қарағанда жаздық бидайдың көлемін 2-3,5; 5-7 ц/га-ға арттыруға болады екен.


Ғылым орталық алқапқа биыл жаңа бидай сортын сепкен болатын. «Дамсинская 2017» деп аталатын қатты бидайдың жаңа сорты жақсы өнім берді. Гектардан 46,8 центнер астық жиналды.


«Мұндай нәтижеге жету үшін орталық қызметкерлері бірнеше жыл жұмыс істеді. Зерттеу жұмыстары 2015 жылы басталды Жаңа сорттың ерекшелігі – төзімділігі жоғары. Еліміздің солтүстік өңірлерінде өсіруге арналған бұл сорт ауа және топырақ құрғақшылығына төзімді. Минералды тыңайтқыштармен ылғалдандырған жағдайда мол өнім береді. Экологиялық жаздық далалық түрге жатады» - дейді Қатты бидай зертханасының меңгерушісі Руслан Жылқыбай.


«Дамсинская 2017» сорты шикі протеин мен құрамындағы ақуыздың тұрақты құрамымен ерекшеленеді. Макарон түсі және жалпы бағалау бойынша стандартты көрсеткіштен асып түседі. Экологиялық сортқа Солтүстік Қазақстан облысында да сынақ жүргізіліп, гектарына 46,3 центнер өнім берді» - дейді Руслан Жылқыбай.


Егін алқабынан жиналған бидай осы зертханада сұрыпталып, сапасы, құрамы, төзімділігі анықталады. Қызметкерлер «құм санамаса» да, құмға бергісіз, әр түрлі бидай сортын будандастырып, сынап, селекция жасайды.


Бұл ғылыми орталықта тек бидай емес, одан басқа 16 түрлі дәнді дақыл өсіреді.



Орталықта 13 зертхана бар. Соның бірі - бидай құрамындағы ақуыз мөлшерінің қанша екенін анықтайтын орын.  



Біз куә болған зерттеу нәтижесінде қатты бидай сортының ақуызы 14 пайызды көрсетті.



Бұл жігіттің есімі – Марал Өтебаев. Мамандығы – химик. Осы орталықтың негізгі зерттеуі Маралдың қолынан өтеді. Қай сорт қандай өнім өндіруге, қандай тағам түріне пайдалануға болады дегенді осы Марал айтады. 

«Бидайдың, басқа да дәнді дақылдардың құрамын осы зертханада анықтаймыз. Мысалы макорон өнімдерін жасауға, нан, тоқаш, т.б. секілді ұн өнімдерін өндіруге қандай сорт қолайлы болатыны осы жерде анықталады» - дейді Марал Өтебаев.



Бұл - дәнді дақылдардың өңделіп, тұрмысқа қолдануға даяр болған кезі.



Айтпақшы, Шортанды ауданы, «Научный» ауылына бара қалсаңыз, нанының өзге жерден ерекше дәмді екенін бірден байқайсыз.



Орталық Тәуелсіздік жылдары 20-ға жуық жаңа сорт шығарған. Бұл осында өсірілетін 17 түрлі дәнді дақылға тиесілі. 




Қазақстанда 6 млн гектарға жуық дәнді дақыл егілсе, соның 4,8 млн-ына А. Бараев орталығының өнімі пайдаланылады.  




Бұл жерде 228 адам қызмет істейді. Оның 80-нен астамы - ғылыми қызметкер. Жұмысшылардың 60 пайыздан астамы - жастар.




Орталыққа мемлекет те жақсы жағдай жасап келеді. 2018 жылы жарғылық капиталды ұлғайту мақсатында 1 млрд 46 млн теңге бөлінген. Ол ақшаға соңғы стандарттарға сай 46 техника сатып алынған.




Орталықтың астық алқабындағы бүкіл ақпарат осы жерге жинақталады. Және осы жерден егіс алқабы бақыланады.  



Топырақтың ылғалдылығы, су жүйелері, бәрі осы екі маманның бақылауында.



Айтпақшы, біз барған кезде орталықта күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр екен. Еліміздегі санаулы агро-музейлердің бірі саналатын А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының музейі жөндеу жұмыстарына байланысты жабылыпты.

Орталықтың еліміздегі жалпы агрошаруашылықтағы міндеттері, алатын орны, дәнді дақылдарды асылдандырудағы атқарып жатқан шаруалары жайлы А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы Егіншілік бөлімінің меңгерушісі, ауылшаруашылық ғылымының докторы Бақыт Ермұратовпен жасаған сұқбатымыздан біле аласыздар.

Ержан Жаубай, фото - автордыкі.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы