Масс-медиа туралы заң. БАҚ сауалдарын қарау мерзімін қысқарта ма

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста мемлекеттік ақпараттық саясатты жақсартуға және медиа саласын дамытуға бағытталған заңдарды талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

«Масс-медиа туралы» және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына грант беру арқылы мемлекеттік ақпараттық саясатты қаржыландыру тетіктерін жетілдіру, жарияланған материалға талап қоюдың ескіру мерзімін бір жылға белгілеу, мемлекеттік тілдегі теле және радиобағдарламалар көлемін 50%-дан 60%-ға дейін ұлғайту және шетелдік бағдарламаларды ретрансляциялау үлесін 20%-дан 10%-ға дейін төмендету көзделіп отыр. Сонымен қатар қоғамның адамгершілік тұрғысында дамуына зиян келтіру мен жалпы адамзаттық, ұлттық, мәдени және отбасылық құндылықтарға нұқсан келтіруге орайзаңдардағы жаңалықтарда уәкілетті органның құзыретіне бұқаралық ақпарат құралдарының мониторингі жөніндегі функциялар енгізу, сондай-ақ журналистің кәсіби қызметінің құқықтық кепілдіктерін қамтамасыз ету және БАҚ сауалдарын қарау мерзімдерін 7-ден 5 жұмыс күніне дейін қысқарту да бар.

Парламентшілер сонымен қатар «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне масс-медиа мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» заңды да қарады. Заң әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің кейбір нормаларын «Масс-медиа туралы» заңның ережелеріне сәйкес келтіру мақсатында әзірленген болатын. Атап айтқанда, ақпараттық хабар тарату сапасын қамтамасыз етуді және медиа контентті реттеу саласындағы заңнамалық шараларды нығайтуды көздейтін өзгерістер енгізіледі.

Сенаторлардың айтуынша, заңдарды қабылдау нормативтік базаны тұжырымдамалық тұрғыда қалыптастыруға мүмкіндік береді және бұқаралық ұлттық заңнама мен ақпарат құралдарына құқық қолдану тәжірибесін одан әрі жетілдіруге ықпал етеді.

Комитет мүшелері талқылау қорытындысы бойынша заңдарды Палата отырысына қарауға жіберу туралы шешім қабылдады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Сенаттың баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы