216 мыңнан астам азаматқа МӘСҚ-дан төлем тағайындалды
Нұр-Сұлтар, BAQ.KZ. 216 922 адамға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төтенше жағдай кезінде табысынан айырылуына байланысты төлемдер тағайындалды. Бұл туралы Қордың баспасөз қызметі хабарлады.
8 сәуірдегі сағат 14-дегі жағдай бойынша ТЖ кезеңінде табысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем тағайындау үшін 1 млн 688 мың 131 азаматтан барлығы 2 млн 755 мың 866 өтініш келіп түсті. Осылайша, 1 млн 67 мың 735 қайталанатын өтінім тіркелді. Өтініштерді қарау мерзімдерінің ұлғаюына жол бермеу мақсатында азаматтардан өтінішті бір рет берулеріңізді сұраймыз, - делінген хабарламада.
Деректерді тексеру және өтінішті қарау мерзімі 3 жұмыс күнін құрайды. МӘСҚ-да төлем жасау туралы шешім қабылданғаннан кейін өтініш берушіге SMS-хабарлама келеді. Кейіннен өтініш берушінің деректері "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ-ға жіберіледі, ол оны екінші деңгейдегі банктерге төлем жүргізу үшін жібереді.
Әлеуметтік төлем алуға өтінімді eGov порталы, 42500.enbek.kz веб-сайты және https://t.me/Help42500Bot адресі бойынша Telegram-бот арқылы беруге болады.
Естеріңізге сала кетейік, қолданыстағы Қағидаларға сәйкес ТЖ кезеңінде қызметтің шектелуіне байланысты табысынан айырылған жағдайда бір адамға МӘСҚ-тан айына 42 500 теңге мөлшерінде берілетін әлеуметтік төлем келесі санаттарға:
– шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
– карантин енгізілген елді мекендерде қызметін жүзеге асыратын ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
– мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, коммерциялық емес заңды тұлғалардың жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;
– жеке кәсіпкерлерге;
– жеке практикамен айналысатын адамдарға (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор);
– бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғаларға;
– нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы (АҚС) шарттар бойынша табыс табатын, салық агенттері олар үшін міндетті зейнетақы жарналарын аударған адамдарға жүзеге асырылады.