Мәслихат сайлауы соңғы 15–20 жылда алғаш рет дербес өтеді – Айдос Сарым
29 қарашада Қазақстанда аудандық, қалалық және облыстық мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Оның басты ерекшелігі – соңғы 15–20 жылда алғаш рет мәслихат сайлауы республикалық деңгейдегі өзге саяси науқандардан бөлек, дербес ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Құрылтай депутаты Айдос Сарым «Әділет» партиясының базасында өткен TALQYLAU диалог алаңындағы талқылаудың кулуарында берген сұхбатында айтты.
Оның айтуынша, мәслихат сайлауына санаулы күндер қалды. Бұл жолғы науқанның ерекшелігі – жергілікті өкілді органдардың депутаттарын сайлау Парламент сайлауымен немесе басқа республикалық науқандармен қатар өткізілмейді.
«Өздеріңіз білетіндей, 29 қарашаға санаулы күндер қалды. Бұл күні аудандық, қалалық және облыстық мәслихат депутаттарын сайлаймыз. Бұл сайлаудың ерекшелігі – меніңше, соңғы 15–20 жылда алғаш рет республикалық деңгейдегі сайлау науқандарымен және Парламент сайлауымен қатар өткізілмей, жеке, дербес ұйымдастырылып отыр», – деді Айдос Сарым.
Осылайша, алдағы сайлау жергілікті өкілді органдарды қалыптастыруға бағытталған жеке саяси науқан ретінде өтеді.