Мәслихат сайлауы: Ел бойынша 10 971 кандидат тіркелді
Қазақстанда мәслихат депутаттығына кандидаттарды тіркеу қорытындысы жарияланды. 1 қараша сағат 18:00-дегі мәлімет бойынша, ел аумағында 10 971 кандидат тіркелген. Бірмандаттық округтерде бір депутаттық орынға орта есеппен үш адамнан келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Өңірлік сайлау комиссиялары кандидаттарды тіркеу нәтижелерін таныстырды. Отырыста партиялық тізімдер, кандидатурасын кері қайтарып алғандар, тіркеуден бас тарту себептері және комиссияларға түскен өтініштер туралы ақпарат берілді.
Бірмандаттық округтерде 9 752 кандидат тіркелді
Ел бойынша 3 113 бірмандаттық аумақтық сайлау округінде 9 752 кандидат тіркелген. Бір мандатқа орта есеппен үш кандидаттан келеді.
Өңірлік комиссиялар ұсынған мәліметтерге сүйенсек, Ақмола облысында облыстық мәслихатқа 16 округтен 50 кандидат, қалалық мәслихаттарға 41 округтен 125 кандидат, аудандық мәслихаттарға 192 округтен 588 кандидат тіркелді.
Қостанай облысында барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына 248 бірмандаттық округ құрылған. Облыстық мәслихатқа 48, қалалық мәслихаттарға 169, аудандық мәслихаттарға 528 кандидат тіркелген. Осылайша, өңірде барлығы 745 кандидат сайлауға қатысады.
Павлодар облысында облыстық мәслихатқа 48, қалалық мәслихаттарға 155, аудандық мәслихаттарға 326 кандидат тіркелді. Жалпы саны - 529.
Қызылорда облысында 409 кандидат тіркелген. Оның 48-і облыстық, 69-ы қалалық, 292-сі аудандық мәслихаттар депутаттығына үміткер.
Шығыс Қазақстан облысында облыстық мәслихатқа 49, қалалық мәслихаттарға 109, аудандық мәслихаттарға 391 кандидат тіркелді. Маңғыстау облысында бірмандаттық округтер бойынша 369 кандидат тіркеуден өткен.
20 өңірде 99 партиялық тізім тіркелді
Партиялық тізімдер бойынша елдің 20 өңірінде 99 тізім тіркеліп, оларға 1 219 кандидат енгізілген. Слайдта көрсетілген қорытындыға сәйкес, квотаға кіретін кандидаттар саны - 527 адам немесе 43,2%
Астанада қалалық мәслихат сайлауына жеті саяси партия тізім ұсынған. Оларға барлығы 101 кандидат енгізіліп, жеті партияның да тізімі тіркелді. Ұсыну аяқталғаннан кейін бірде-бір партия өз тізімін кері қайтарып алмаған.
Шымкентте бес саяси партия жалпы саны 58 адамнан тұратын тізімдерін ұсынды. Әйелдер мен жастарға арналған 30%-дық квота сақталған.
Жамбыл облысында бес партияның тізіміне 76 кандидат енгізілген. Олардың 41-і әйелдер мен жастар. Бұл жалпы санның 53,9 пайызын құрайды. Партиялық тізімдер бойынша сайланатын 18 депутаттық мандатқа орта есеппен төрт кандидаттан келеді.
Қарағанды облысында алты партияның 81 кандидатты қамтитын тізімдері тіркелді. Павлодар облысында бес партиядан 64 кандидат, Қостанай облысында бес партиядан 62 кандидат партиялық тізімдерге енгізілген.
Солтүстік Қазақстан облысында бес партияның 52 кандидатты қамтитын тізімдері тіркелсе, Қызылорда облысында үш партия 46 кандидат ұсынған. Ақмола облысында төрт партияның жалпы саны 44 адамнан тұратын тізімдері тіркеуден өтті.
Кандидаттар неліктен сайлаудан шықты?
Өңірлік комиссиялардың мәліметтерінде кандидатурасын өз еркімен кері қайтарып алғандар да, тіркеуге қажетті талаптарды орындамағандар да бар.
Абай облысында 76 кандидат өз кандидатурасын кері қайтарып алған. Екі кандидат заң талаптарына сәйкес келмеген, тағы төртеуі сайлау жарнасын төлемегендіктен тіркеуден өтпеген.
Ақмола облысында 26 кандидат кандидатурасын кері қайтарып алды. Төрт кандидатты тіркеуден бас тарту туралы шешім қабылданған.
Павлодар облысында 42 кандидат өз өтінішімен сайлауға қатысудан бас тартса, тағы 18 кандидат тіркеуге қажетті құжаттарды ұсынбаған.
Қызылорда облысында 15 кандидат өз кандидатурасын кері қайтарып алған. Бір кандидат қажетті құжаттарды толық тапсырмаған. Қостанай облысында үш кандидат сайлауға қатысудан бас тартқан, ал бір кандидатты құжаттарының толық болмауына байланысты тіркемеген.
Шығыс Қазақстан облысында 13 кандидат, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарының әрқайсысында 24 кандидат өз кандидатурасын кері қайтарып алған.
Кейбір партиялық тізімдер тіркелмеді немесе кері қайтарылды
Партиялық тізімдер бойынша да өзгерістер болған. Абай облысында алты саяси партия 52 кандидат ұсынғанымен, бес партияның тізімі тіркелген. Комиссия мәліметінде «Байтақ» партиясының тізімін тіркеуден бас тартылғаны айтылды.
Шығыс Қазақстан облысында төрт саяси партия жалпы саны 55 адамнан тұратын тізімдерін ұсынған. Кейін бір партия өз тізімін кері қайтарып алып, үш партияның тізімі тіркеуден өткен.
Атырау облысында алты партияның тізімі тіркелді. Тіркеу кезеңінде «Respublica» партиясының бір кандидаты өз өтініші бойынша тізімнен шығарылған.
Жетісу облысында алты саяси партияның жалпы саны 48 адамнан тұратын тізімдері тіркелген. Ұсыну аяқталғаннан кейін партиялық тізімін кері қайтарып алғандар жоқ.
Комиссияларға түскен өтініштер қалай қаралды?
Астанада тіркеу кезеңінде тоғыз өтініш келіп түскен. Олардың барлығына белгіленген мерзімде жауап берілген.
Ақмола облысында бес өтініштің үшеуіне жауап беріліп, екеуі қаралып жатқаны хабарланды.
Жамбыл облысында үш өтініш түскен. Оның екеуі жеке тұлғалардың сайлау заңнамасын түсіндіруге қатысты сауалы болса, біреуі заңды тұлғадан үгіт материалдарын орналастыру жөнінде келген ақпараттық хабарлама болған. Барлығы қаралып, жауап берілген.
Ал Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарының комиссиялары тіркеу кезеңінде өтініштер түспегенін мәлімдеді.
Кандидаттарды тіркеу туралы мәліметтер сайлау комиссияларының интернет-ресурстарында орналастырылған. Өңірлердегі ақпарат жергілікті баспасөзде де жарияланып жатыр. Комиссиялар сайлау іс-шаралары Конституциялық заңға және күнтізбелік жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқанын хабарлады.