Мәслихат депутаты қандай болуы керек
Елімізде мәслихат депутаттарының сайлаушылар алдындағы есебі көбіне формальді түрде өтеді. Осы тұрғыда мәслихат мәжілістен үлгі алу керек. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осындай мәлімдеме жасады. Жалпы, мәслихат депутаты қандай болуы керек? Олар саяси өмірге қалай араласып жүр? BAQ.KZ тілшісі мәслихат депутаттарының пікірін білді.
Түркістан облысының құрметті азаматы, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қалима Жантөреқызы мәслихат депутатының беделі қоғамға жасаған еңбегіне байланысты дейді.
Мәслихат депутатының танымал болу-болмауы оның іскерлігіне, біліміне және тәжірибесіне байланысты. Екіншіден, көбірек кездесу өткізіп, өзекті мәселелерге талдау жасай алатын деңгейде... Үшіншіден, қаншалықты халық көтерген мәселені шеше алды? Қоғамды қандай беделі бар соған да байланысты. Мәслихат депутаты өңір мәселесіне ене алуы керек. Сіздің қоғамға деген жанашырлығыңыз сезілген кезде нағыз халық қалаулысына айналасыз, - деді Жантөреқызы.
Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Талғат Балтабаев мәслихат депутаты халық пен билікке де жақын болу керегін айтады.
Халық қалаулыларының бойында жауапкершілік жүгі болады. Өйткені мемлекеттен қаншама қаржы бөлініп жатыр. Ол қаржылар тиісті жерге жетіп жатыр ма, жоқ па, қайтарыма жақсы ма, жоқ па дегендей мәселелермен өңір депутаттары ізденіс үстінде. Сондықтан алдағы жұмысымызда нақты нәтиже болады деп ойлаймын. Бүгінгі форумда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белсенділердің де мәселесін қозғап кетті. Мәселені құр байбаламға салмай, нақты шешу керегін айтты. Сондай-ақ билік пен депуттар бірігіп жұмыс істеу керек деді. Мен де бұл ұстанымға қосыламын. Егер депутат екіжақпен де дұрыс болса, жұмыс оңтайлы шешіледі, - дейді Балтабаев.
Сонымен қатар Алматы қалалық мәслихат депутаты Бейбіт Құсайыновтың айтуынша, мәслихат депутаттары өз жұмысын көрсете білуі қажет.
Ең қажетті дүние Мемлекет басшысы айтқандай, мәслихат депутаттары халықпен тығыз жұмыс істеуі керек. Шынымен, қазіргі таңда мәслихаттардың көбін халық тани бермейді. Мәселен, Алматы қаласының депуттарының бірнешеуін ғана халық білетін шығар. Демек өздерінің жұмыстарын таныстыра білуі керек. Ал, ол үшін мәслихат депутаты бір істі нақты қолға алуға тиіс. Қазір әлеуметтік желі арқылы өзін көрсетіп, танымал халық қалаулысы болуға болады ғой, - дейді Құсайынов.
Қостанай облысы мәслихатының депутаты Галина Тойғанованың сөзінше, әр депутат өз өңірінің мәселесін бес саусағындай білуге тиіс.
Өздеріңізге мәлім депутат ретінде бізді халық таңдады. Қазіргі таңда аудан мен ауыл әкімдерін де халық сайлайды. Жеке өзімді халық сайлағанын атап өткім келеді. Өзім хирургпын. Жергілікті аймақта мені көбі қандай адам екенімді біледі әрі таниды. Мен де халықтың қандай мәселемен бетпе-бет келетінін анық түсінемін. Қазіргі таңда басты назар әлеуметтік мәселелерде, - деді Тойғанов.