Мәслихат депутаты: Атқарылған ауқымды істер – Тәуелсіздіктің толайым жемісі
Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Бүгінде аудан, ауылдық аймақтарды дамыту мақсатында атқарылып жатқан ауқымды істердің барлығы еліміздің теңдессіз Тәуелсіздігінде қол жеткізген толайым табыстардың жемісі екендігі даусыз.
Бұл туралы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Жамбыл облысындағы Талас аудандық мәслихатының депутаты Үміт Битенова айтты. Оның сөзінше, тарихы бай Талас өлкесінің туризмді дамыту мүмкіндігі жоғары. Осы мақсатта Ұлы Жібек жолының ірі ежелгі мәдени орталықтарының бірі болып табылатын аудан аумағындағы«Тамды қалашығындағы» қазба жұмыстары мен ғылыми зерттеулерді аяқтау үшін бір жолғы маусымға 5 700 мың теңге қарастырылған.
Сондай-ақ, «Әлеуметтік бағдарланған аудан» бағыты бойынша медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру қолға алынды. Бұл бағытта бес жыл ішінде 47 800 адамды қамтып, ерте диагностика, скрининг, профилактикалық тексеру және вакцинация жүргізу жұмыстары алғашқы орынға қойылып отыр. Биылғы белгіленген межемен скринингтен барлығы 74 мың адам, диагностикадан 4,2 мың адам, профилактикалық тексеруден барлығы 74,9 мың бала өтетін болады. Барлығы 87,9 мың адам өтеді деп жоспарланып отырған вакцинациялау жұмысы биыл 17 580 адамды қамтуы тиіс, - деп атап өтті ол.
Халық қалаулысы онда дәрілік заттардың, мамандандырылған балаларға арналған және емдік тамақ өнімдерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу шаралары жүргізіліп жатқанын да жеткізді. Оған үстіміздегі жылы 36 886 адам қамтылса, алдағы уақытта олардың санын арттыру жоспарланып жатыр екен.
Үміт Қыранқызының сөзінен білгеніміздей, Таласта интернет арқылы халыққа қол жетімді дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың мәліметтер базасы құрылуда. Жедел медициналық көмекті цифрландыру жолға қойылған. Денсаулық сақтауда телемедицина мен жасанды интеллект енгізу, денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, ана мен бала өлімін болдырмау шаралары онсыз да кезек күттірмейтін іс.
«Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасындағы білім беру сапасын жақсарту тақырыбында да аудан көлемінде терең мазмұнды шаруалар жүргізіле бастады. Жаңа оқу жылында 35 мектептің 10-ы жабдықталынып, 6 132 оқушы қашықтықтан оқыту жүйесі бойынша білім алатын болады, оларда 1 151 оқушыға арналған 54 кезекші сыныптар ашылады, 25 ауылдық елді мекендердегі мектептер дәстүрлі түрде білім беретін болады және оған 3 535 оқушы тартылады. Қашықтықтан оқыту үрдісі сақталған жағдайда халықтың әлеуметтік осал топтарының балаларын, мысалы осы жылы 2 127 баланы 100 % компьютерлік техникамен толық қамтамасыз ету көзделіп отыр. Бес жылда ауылдық орта мектептерді 23 жаңа модификациядағы химия, биология, физика кабинеттерімен жабдықтау басты межеге алынды, ағымдағы жылы мысалы, сондай кабинеттердің екеуі іске қосылмақ, - деді Ү.Битенова.
Оның айтуына қарағанда, 2025 жылы Аққұм ауылындағы «Сымбат» балабақшасына ағымдағы жөндеу жұмыстары, 2024 жылы Талапты ауылындағы «Дания» балабақшасына қайта жөндеу жүргізіліп, Ойық ауылындағы Б.Әлменұлы атындағы орта мектепті қайта соғу жоспарланған. 2023 жылы Қаратау қаласындағы мектеп-лицейге жапсарлас спорт залы салынатын болады. Ал биыл Тамды ауылындағы "Қойгелді" мен Ақкөл ауылындағы "Ақкөл" орта мектептеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек.
Талас ауданы бойынша ҰБТ-да 100 және одан көп балл жинағандар үлесін 8,3 %-тен 10,0 %-ке дейін ұлғайту көзделініп, жалпы білім сапасының көтерілу жолдары қарастырылуда. Аудан орталығы – Қаратау қаласында 25 мүгедек балаға арналған бейімдеу және оңалту орталығы мен 20 орынға арналған тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығын ашу, Ақкөл ауылындағы №14 колледжі ғимараты негізінде жүйке ауруларымен ауыратын науқастарға оңалту орталығын ашу, мүгедектігі бар адамдарға өздерінің жеке қажеттіліктерін ескере отырып, дербес онлайн режимінде көмекші, компенсаторлық құралдар мен әлеуметтік қызметтерді алуға мүмкіндік беретін әлеуметтік қызметтердің бірыңғай порталын енгізу сықылды міндеттер белгіленді, - деді мәслихат депутаты.
Бұқаралық спорт үшін жағдай жасау бағытында «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасының шеңберінде Ақкөл, Ойық ауылдарында екі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы қолға алынбақ. Алдағы бес жылда халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтылу көрсеткішін 1 мың адамға шаққанда 55 %-ке дейін жақсартуға және дене шынықтырумен, сондай-ақ спортпен жүйелі түрде айналысатын барлық жастағы тұрғындарды 45 %-ке дейін қамтуға кешенді жоспарлар жасалып, қаржы бөлінеді екен.
Үміт Қыранқызының сөзінше, «Жастарға арналған аудан» бағытында да жас ұрпақ мәселесіне басты басымдық берілуде. Жастарды жұмыспен қамту, жастар арасынан 2 000 адамды, оның ішінде жыл сайын 400 адамды жұмысқа орналастыру, «Жасыл ел» еңбек жасақтарын ұйымдастыру арқылы жазғы кезеңде Қаратау қаласында жыл сайын 50 жасты 42 500 теңге төлемақымен жұмысқа тарту, «Жас кәсіпкер» жастар бизнес-бастамаларының бағдарламаларын іске асыру және жыл сайын кемінде 40 грант бере отырып, жастардың өз бизнесін ашуына жәрдемдесу сынды шаралар белсенді жүзеге асуда.
Сонымен қатар «Объектілерді салуға жастарды тарту» бойынша жыл сайын кемінде 30 адамды, студенттік құрылыс жасақтарын жасақтау арқылы, «Жастар практикасы» бойынша жыл сайын кемінде 170 адамды, «Қоғамдық жұмыстар» бойынша жыл сайын кемінде 100 азаматты жұмыспен қамту, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша білікті жас мамандарды ауылдық елдімекендерге тарту, 2025 жылға дейін ауданға кемінде 200 жас маманды әлеуметтік қолдау, көтерме жәрдемақы, тұрғын үй беру арқылы тарту жоспарлануда.
Қаратау қаласы мен ауылдық елді мекендерде «Coworking center» ашу, аудан жастарының 20 %-ін, яғни 2 800 адамды іс-шаралармен қамту, барлық ауылдық округтерде волонтерлік клуб ашу жолымен волонтерлік қозғалысты дамытуды көтермелеу, жастар жұмыссыздығын 1,3 %-тен 1,1 %-ке дейін төмендету – басым бағыттардың бірі, - деді халық қалаулысы.
Ол тарих пен мәдениетті дамыту бағытындағы «Бақытты отбасы» партиялық жобасын іске асыру жұмыстарына да тоқталды. Онда шамамен 60 іс-шара ұйымдастырып, 3 690 адамды қатыстыру, ұлттық бірегейлікті қалыптастыруды және ұлттың мәдени кодын сақтауды жетілдіру мақсатында жылына 25 іс-шарадан өткізу жоспарланған. Этносаралық және конфессияаралық келісімді, бірлікті нығайту бағытында жылына 20 шарадан өткізу керек.
Қаламгердің айтуынша, Талас ауданының көрнекті тумаларының мұрасын танымал ету жөніндегі жобаларды 2-3 іс-шарадан өткізе отырып, іске асыру, ауданның қасиетті және маңызды орындарына өлкетану экспедицияларын өткізу, киелі орындарды абаттандыру жұмыстары да жүйеленген.
Бағдарламамыздағы «Ашық және есеп беретін жергілікті органдар» деп аталатын алтыншы тарау бойынша да атқарылуы тиіс жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыстың басым бағыты аудан тұрғындары арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және ескерту бойынша іс-шараларды өткізуге және оған үкіметтік емес ұйымдарды тартуға негізделген. Меніңше, ізгілікке арналған игі істің үлкен-кішісі жоқ. Тәуір мен нашар деп те таразыға тартылмауы керек. Алыс пен жақын деп айтылмауы тиіс. Астана мен облыс деп айырмаланып, аймақ пен аумақ деп ажырату да қате. Өңір мен өлке деп те өлшенбегені дұрыс. Ауыл мен қала деп бөлініс жасау, тіпті ұят. Өйткені, батыстан шығысқа тарқатылып, солтүстіктен оңтүстікке көсіліп жатқан ұланғайыр Ұлы даламыздың иесі бір ғана жұрт. Біртұтас ел. Ол ел мен жұрттың мақсаты биік, мұраты асыл, арманы асқақ - келер күніне, ертеңіне еңсе түсірмей, кезіккен қиындықтардан еңсере өтіп, еңселі күйде жету, - деген Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі таластықтардың да тілегі осы екенін жеткізді.