Мәслихат депутаттығына кандидаттарға 700 мың теңгеге дейін қаржы беріледі
Мәслихат депутаттығына үміткерлер сайлау науқанына жұмсалатын шығындарды өтеу үшін 700 мың теңгеге дейін қаражат ала алады.
Орталық сайлау комиссиясы 2026 жылғы 29 қарашада өтетін кезектен тыс сайлауда мәслихат депутаттығына кандидаттардың республикалық бюджет есебінен өтелетін шығындарының мөлшерін бекітті. Бұл туралы ОСК сайтында мәлім болды.
ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров пен комиссия хатшысы Шавкат Өтемісов қол қойған қаулыға сәйкес, бюджет қаражаты кандидаттардың теледидар мен радиода сайлауалды бағдарламасын таныстыруына, мерзімді баспасөзде немесе интернет-басылымдарда екі мақала жариялауына, көпшілік алдындағы сайлауалды іс-шараларын өткізуіне, үгіт материалдарын шығаруға және көлік шығындарына жұмсалады.
Атап айтқанда, аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттарға теледидар мен радиода сөз сөйлеуге және екі мақала жариялауға 290 мың теңге бөлінеді. Көпшілік алдындағы сайлауалды іс-шаралары мен үгіт материалдарына 130 мың теңге, ал көлік шығындарына 80 мың теңге қарастырылған. Осылайша, бір кандидатқа жалпы 500 мың теңгеге дейін қаражат беріледі.
Қалалық мәслихат депутаттығына кандидаттар теледидар мен радиода сөз сөйлеуге және екі мақала жариялауға 400 мың теңге ала алады. Сайлауалды іс-шаралары мен үгіт материалдарына 170 мың теңге, көлік шығындарына 80 мың теңге бөлінеді. Жалпы сома – 650 мың теңге.
Ал Астана, Алматы және Шымкент қалаларының мәслихат депутаттығына кандидаттарына теледидар мен радиода сөз сөйлеуге және екі мақала жариялауға 410 мың теңге қарастырылған. Сайлауалды іс-шаралары мен үгіт материалдарына 180 мың теңге, көлік шығындарына 110 мың теңге бөлінеді. Бұл санаттағы кандидаттарға бюджеттен жалпы 700 мың теңгеге дейін қаражат беріледі.
Орталық сайлау комиссиясының қаулылары елорда, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың сайлау комиссияларына жолданады. Оларға құжаттарды аумақтық және округтік сайлау комиссияларына, сондай-ақ бірмандатты аумақтық сайлау округтері бойынша тіркелген мәслихат депутаттығына кандидаттарға жеткізу тапсырылған.