27 Қараша 2026, 11:54 Фото: ОСК

Мәслихат депутаттарын сайлауға 86 мыңнан астам комиссия мүшесі дайындалды

Қазақстанда мәслихат депутаттарын сайлауды өткізуге қатысатын 86 мыңнан астам сайлау комиссиясының мүшесі арнайы оқытудан өтті. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, сайлау комиссияларының мүшелері мен сайлау процесіне қатысушыларды оқыту жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілген.

Мәслихат депутаттарын сайлауды ұйымдастыру мен әзірлеу кезінде 5 743 оқыту іс-шарасы өткізіліп, олар 101 мыңнан астам адамды қамтыды. Оның ішінде каскадты әдіспен науқанға қатысқан жалпы саны 86 мыңнан астам сайлау комиссияларының мүшесі толық оқытылды. Олар үшін 3 814 семинар өткізілді, – деді Шавхат Өтемісов.

Оның сөзінше, оқыту барысында округтік сайлау комиссияларының мүшелерін даярлауға басымдық берілген. Сондай-ақ комиссия мүшелерінің білімін тексеру үшін кезең-кезеңімен қашықтан тестілеу ұйымдастырылып, қатысушылар тиісті сертификаттар алған.

Бұдан бөлек, өңірлерде саяси партиялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, қоғамдық ұйымдардың және сайлау процесінің өзге де қатысушыларының өкілдеріне арналған ақпараттық-түсіндіру және оқыту жұмыстары жүргізілген. Бұл бағытта 2 мыңға жуық іс-шара ұйымдастырылып, оған 15 887 адам қатысқан.

ОСК өкілдері қараша айында еліміздің барлық 20 өңіріне инспекциялық сапармен барған кезде де сайлау процесіне қатысушыларды оқыту мәселесіне назар аударған. Сапарлар аясында округтік комиссия мүшелеріне арнайы семинарлар өткізіліп, олардың білім деңгейі Орталық сайлау комиссиясының тестілеуі арқылы тексерілген.

Еске сала кетейік, 29 қарашада елде мәслихат депутаттарын сайлау науқаны өтеді. Дауыс беретін қазақстандықтар саны 12,6 млн-нан асады.