Мәслихат депутаттарын сайлау: Қазақстанда 12,6 миллионнан астам сайлаушы бар
Орталық сайлау комиссиясында 29 қарашаға белгіленген мәслихат депутаттарының сайлауына дайындық мәселесі қаралды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров сайлау науқанының қорытынды кезеңіне келгенін атап өтті. Оның айтуынша, ендігі басты міндет – дауыс беру күнін ұйымдасқан түрде өткізіп, азаматтардың сайлау құқықтарын толық іске асыруын қамтамасыз ету.
Сайлау науқанының қорытынды кезеңіне келдік. Ендігі басты міндет – дауыс беру күнін ұйымдасқан түрде өткізіп, азаматтардың сайлау құқықтарын толық іске асыруын қамтамасыз ету. Осы сайлау науқаны барысында ОСК отырыстарында негізгі мәселелер қаралып, тиісті тапсырмалар берілген болатын, – деді Нұрлан Әбдіров.
Ол қазіргі уақытта негізгі назар дауыс беру күніне дайындыққа аударылып отырғанын айтты.
ОСК төрағасының мәліметінше, 8 қарашада әкімдіктер сайлаушылар тізімдерін барлық учаскелік сайлау комиссияларына тапсырған. Бұл – заң талабы.
Қазақстан бойынша сайлаушылардың жалпы саны – 12 679 459 адам.