Мәскеудегі Момышұлы атындағы мектеп құрмет белгісіне ие болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәскеу қаласы Зеленоград ауданындағы Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы атындағы №1912 мектеп "Мәскеу үшін шайқасқа 80 жыл" мерейтойлық төсбелгісімен марапатталды.
Марапатты Мәскеу Үкіметі 1941 жылы астананы қорғаушылардың ерлігін еске алу үшін тағайындады. Естелік белгісі Мәскеу қорғанысына қатысушы үш мыңнан астам адамға, сондай-ақ әскери-тарихи қоғамдар мен мектеп мұражайларына берілді.
2010 жылы Жеңістің 65 жылдығы мен Батырдың 100 жылдығын мерекелеу аясында Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің қолдауымен №1912 мектепке Бауыржан Момышұлының есімі берілді. Дәл осы мектепті таңдау Крюково кентінің маңында 1941 жылы Мәскеуді қорғау кезінде қанды шайқастар болғандығымен байланысты, онда Момышұлы құрамында соғысқан Панфилов дивизиясының жауынгерлері өшпес ерлік жасады. 2010 жылы Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінің көмегімен Момышұлының мектеп мұражайы құрылып, мұнда оның қола мүсіні орнатылды.