Маска киюді ескертетін робот
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау қалалық №4 емханасына келушілерді енді медицина қызметкері емес, робот құрылғы қарсы алып, дене қызуын өлшейді. Маскасын дұрыс тақпаған адамға да ескерту жасайды.
Дене қызуын өлшейтін робот құрылғы еліміз бойынша алғаш рет пилоттық жүйе ретінде Атырау облысында іске қосылып отыр. Бұрындары әлемдік тәжірибеде сыналған робот құрылғының тиімді тұстары көп. Медицина қызметкері уақытын үнемдейді әрі науқастармен байланыс жасаған кезде арақашықтықты сақтайды. Емхана қызметкері енді робот көрсеткен мониторды ғана бақылап отырады. Өйткені, "ақылды" техника ғимаратқа дене қызуымен келген науқасты бірден анықтайды. Монитор бетіне сол кісінің суретін көрсетіп қызыл түспен ерекшелейді. Ал бетпердесіз немесе дұрыс тақпаған күйі ішке енсе оның суретін сары түске бояп, дабыл қағады. Дауыстап ескерту жасайды - дейді Атырау қалалық №4 емханасының бас дәрігері Меруерт Өтеғалиева.
"СИК вижн" мен "Билайн" компаниясы бірлесіп жасаған дене қызуын өлшейтін робот құрылғыны алдағы уақытта облыстың өзге де емдеу мекемелеріне де орнату жоспарланған.