Мәсімов пен оның орынбасарын қамауда ұстау мерзімі 6 тамызға дейін ұзартылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Кәрім Мәсімов пен оның орынбасары Әнуар Садықұловты қамауда ұстау мерзімі 6 тамызға дейін ұзартылды.

ҚР ҰҚК хабарлағандай, К.К. Мәсімовке, А.Т. Садықұловқа, Д.Е. Ерғожинге және басқаларға қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 175-бабы, 1-бөлігі; 179-бабы, 3-бөлігі; 218-бабы, 3-бөлігі, 3-тармағы; 362-бабы, 4-бөлігі, 3-тармағы; 366-бабы, 4-бөлігінде көзделген қылмыс белгілері бойынша тергеу амалдары өз жалғастығын табуда.

Күзетпен ұстау мерзімі жеті айға дейін ұзартылды, атап айтқанда, Мәсімов пен Садықұловтікі 2022 жылдың 6 тамызына дейін, Ерғожиндікі 2022 жылдың 13 тамызына дейін, – делінген ҚР ҰҚК баспасөз қызметі хабарламасында.

Айта кетсек, 6 қаңтарда ҚР ҰҚК мемлекетке опасыздық жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады (ҚР ҚК 175 – бабы, 1-бөлігі). Осыған байланысты Кәрім Мәсімов пен басқа да адамдар ұсталып, УҰИ-ға қамалды.

Сәуір айының соңында Павлодар облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі ҚР ҰҚК-ның бұрынғы төрағасының немере ағасы Павлодар облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы Нұрлан Мәсімовке қатысты сотқа дейінгі тергеуді қолға алғаны белгілі болды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы