Бүгiн 2026, 11:52 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Машина жасау саласына қатысты жаңа заң қабылданады

Мәжілісте өнеркәсіптік кластерлерді дамыту, АЭА жұмысын күшейту және отандық өнімді қорғау мәселелері көтерілді.

Мәжілісте «Машина жасау саласын дамыту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда таныстырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Заң жобасы депутаттар бастамасымен әзірленген. Бұл туралы депутат Айтуар Қошмамбетов мәлімдеді. Депутаттың айтуынша, құжат тек машина жасау саласына ғана емес, тұтастай өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға бағытталған.

Заң жобасымен қолданыстағы заңнамаға нүктелі өзгерістер енгізу көзделген. Бұл тек машина жасауға арналған құжат емес, жалпы өңдеуші өнеркәсіп мәселелерін қамтиды, – деді ол.

Құжат аясында Кәсіпкерлік және Экологиялық кодекстерге, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтар, өнеркәсіп саясаты және жергілікті мемлекеттік басқару туралы заңдарға түзетулер енгізу қарастырылған.

Заң жобасындағы негізгі бағыттардың бірі – арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру.

Атап айтқанда, орта және жоғары деңгейде қайта өңделетін өнім өндірісін дамытуға басымдық беру, АЭА қатысушыларының шарттық міндеттемелерін бақылауды күшейту және қайталанатын немесе сұранысқа ие емес өндірістерге шектеу қою ұсынылады.

Сонымен қатар құжатта «аумақтық кластер» ұғымын «өнеркәсіптік кластер» ұғымымен алмастыру көзделген. Бұл өзгеріс өндірістері әртүрлі өңірлерде орналасқан кәсіпорындарға бір кластерге бірігуге мүмкіндік береді.

Бұл машина жасау кәсіпорындарының ел ішіндегі құндылықты дамытуына және өндірісті терең оқшаулауға жағдай жасайды, – деді Айтуар Қошмамбетов.

Заң жобасында мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қаржысына салынатын нысандарда отандық құрылыс материалдары мен жабдықтарды пайдалану талаптарын бақылау мәселесі де қамтылған.

Осыған байланысты мәслихаттарға арнайы мониторингтік комиссиялар құру өкілеттігін беру ұсынылады. Депутаттың сөзінше, бұл мердігерлердің импорттық өнімді отандық тауар ретінде көрсету фактілерін азайтуға бағытталған.

Сонымен бірге құжатта түсті және қара металл сынықтарын жинау, сақтау, қайта өңдеу және өткізу қызметін реттейтін нормалар енгізілген.