13 Қазан 2026, 15:47 Фото: ©BAQ.KZ архиві/ Арман Мухатов

Машина жасау 22,8%-ға өсті: Қазақстанда өндіріс қалай өзгеріп жатыр?

Өңдеу өнеркәсібінде машина жасау, фармацевтика және химия өндірісі өсті. Құрылыс саласында да оң динамика байқалады.

 Машина жасау, фармацевтика және химия өнеркәсібінде өндіріс көлемі артқан. Сонымен қатар құрылыс жұмыстарының көлемі 11,5%-ға өсіп, 13,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, өңдеу өнеркәсібі экономикалық өсімнің негізгі қозғаушы күштерінің бірі болып қала береді. 2026 жылғы есепті кезеңде саладағы өндіріс көлемі 8,6%-ға өскен. Бұл көрсеткіш қаңтар-тамыз айларындағы деңгейден 0,2 пайыздық тармаққа жоғары.

Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім машина жасаудағы өндірістің 22,8%-ға артуы есебінен қамтамасыз етілді. Оның ішінде автомобиль жасау 29,9%-ға, электр жабдықтарын өндіру 20,7%-ға өсті. Азық-түлік өндірісі 13,8%-ға, дайын металл бұйымдары 34,8%-ға, фармацевтикалық өнімдер 30,9%-ға, химия өнеркәсібі 23,4%-ға ұлғайды. Резеңке және пластмасса бұйымдарын өндіру 18,1%-ға, құрылыс материалдарының өндірісі 5,9%-ға өсті, – деді Серік Жұманғарин.

Металлургия саласында да көрсеткіштер біртіндеп жақсарып келеді. Нақты көлем индексі қаңтар-тамыздағы 97,3%-дан 98,2%-ға дейін көтерілген. Ал қара металлургиядағы өсім 2,8%-ды құрады.

Сонымен қатар тау-кен металлургия кешеніндегі ірі отандық кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету және олардың өндірістік жүктемесін арттыру үшін тиісті шаралар әзірленіп, қабылданып жатыр.

Өндірістік жобаларға 6 трлн теңге бағытталды

Нақты секторды дамыту және басым бағыттарды қаржыландыру үшін бюджеттен «Бәйтерек» холдингіне 540 млрд теңге бөлінген. Холдинг нарықтық қаржыландыруды тарту арқылы жалпы құны 6 трлн теңге болатын жобаларды қаржыландырған.

Олардың қатарында калий тыңайтқыштарын және азот тыңайтқыштарын өндіретін зауыттар, алюминий рулонын өндіру кәсіпорны, астықты кешенді өңдеу зауыты және кірпіш зауыты бар.

Үкімет инвестициялық жобаларды іске асыруды экономикалық өсімді қамтамасыз етудің маңызды тетіктерінің бірі ретінде қарастырып отыр. Жоспар бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі инвестициялық жобалар уақытылы аяқталып, ағымдағы жылдың соңына дейін іске қосылуға тиіс.

Инвестициялық белсенділік негізгі капиталға салынған қаражат көлемінен де байқалады. 2026 жылғы қаңтар-қыркүйекте негізгі капиталға инвестициялар 16,1 трлн теңгеге жетіп, өткен кезеңмен салыстырғанда 7%-ға өскен. Оның ішінде жеке инвестициялар 18,2%-ға артқан.

Инвестициялардың салалар бойынша өсімі де әркелкі. Өңдеу өнеркәсібінде көрсеткіш 40,1%-ға, құрылыста 32%-ға, ақпарат және байланыс саласында 29,2%-ға, денсаулық сақтауда 20,4%-ға, ауыл шаруашылығында 9,1%-ға өскен. Жалпы инвестиция құрылымындағы жеке қаражаттың үлесі 85,7%-ды құрады.

Құрылыс жұмыстары 11,5%-ға өсті

Есепті кезеңде құрылыс саласы да жоғары қарқын көрсеткен. Құрылыс жұмыстарының көлемі 11,5%-ға артып, өсім еліміздің 17 өңірінде тіркелген.

Ең жоғары көрсеткіштер Ұлытау, Қызылорда, Атырау және Павлодар облыстарында, сондай-ақ Шымкент қаласында байқалған. Ал Жетісу, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында құрылыс жұмыстарының көлемі төмендеген.

Тұрғын үй құрылысы бойынша да оң динамика бар. Есепті кезеңде 13,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7%-ға артық.

Тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі бойынша Алматы, Маңғыстау, Павлодар және Жетісу облыстары жоғары көрсеткіштер көрсеткен.

Жалпы, өңдеу өнеркәсібі мен құрылыс саласындағы өсім экономиканың шикізатқа қатысты емес секторын дамытуда маңызды рөл атқарып отыр. Үкіметтің алдағы міндеттерінің бірі – өндірістік жобаларды уақытылы іске қосып, нақты секторға бағытталған инвестициялардың тиімділігін қамтамасыз ету.

Бұған дейін Қазақстан экономикасы жыл басынан бері 4,2%-ға өскені хабарланды.