Мас тұрғын Ақтөбе көшесінде қарумен жұрттың үрейін ұшырды
Ер адамға заңсыз қару сақтады және алып жүрді деген айып тағылды. Оның айтуынша, мылтықтың кесілген нұсқасын белгісіз адамдардан тартып алып, үйінің маңына жасырып қойған. Ал оқиға болған күні танысымен телефон арқылы жанжалдасып, дүкенге бара жатқанда қаруды не үшін өзімен бірге алғанын түсіндіре алмаған.
Ақтөбеде мас күйдегі ер адам 16 калибрлі тегіс ұңғылы мылтықтың кесілген нұсқасын (обрез) алып, дүкенге шыққан. Қаруланған азаматты Ташкент көшесінде полиция қызметкерлері байқап, қаруын күшпен тартып алған.
Кейін анықталғандай, 33 жастағы Ақтөбе тұрғыны алкогольдік масаң күйде ғана емес, есірткінің де әсерінде болған. Полиция дер кезінде араласпағанда, оқиғаның қалай аяқталары белгісіз еді.
Ер адамға заңсыз қару сақтады және алып жүрді деген айып тағылды. Оның айтуынша, мылтықтың кесілген нұсқасын белгісіз адамдардан тартып алып, үйінің маңына жасырып қойған. Ал оқиға болған күні танысымен телефон арқылы жанжалдасып, дүкенге бара жатқанда қаруды не үшін өзімен бірге алғанын түсіндіре алмаған.
Сотта ол жасаған ісіне өкінетінін айтып, өзін қатаң жазаламауды сұрады. Сот оның кінәсін мойындағанын және кәмелетке толмаған балалары бар екенін ескеріп, 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Қосымша жаза ретінде оған жаза мерзімі бойы жыл сайын 100 сағат мәжбүрлі еңбекке тартылу міндеті жүктелді. Сондай-ақ жұмыс уақытынан кейін үйінде болуы тиіс. Егер бұл талаптарды бұзса, бас бостандығын шектеу жазасы нақты бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылуы мүмкін.