Мас күйінде тәртіп бұзған атыраулық әйел рейстен түсірілді
Атыраудың 31 жастағы тұрғыны мас күйінде тәртіп бұзып, "Астана – Атырау" бағытындағы рейстен түсірілді. Оқиға елорда әуежайында болған, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Полицияның мәліметінше, әйел агрессивті мінез көрсетіп, экипаж бен полиция талаптарына бағынудан бас тартқан. Жолаушы ұшақ бортына мас күйінде келіп, қызметкерлердің ескертулеріне құлақ аспаған. Көлік полицейлеріне де қарсылық көрсетіп, әдепсіз сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті өрескел бұзған.
Оған ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің төрт бабы бойынша хаттама толтырылды:
- билік өкілінің заңды талабына бағынбау,
- ұсақ бұзақылық жасау,
- экипаж талаптарын орындамау,
- қоғамдық орында мас күйінде болу.
Іс материалдары сотқа жіберілді.
Полиция департаменті ұшақтағы және қоғамдық орындардағы агрессивті мінез-құлық басқа жолаушылар мен экипаж қауіпсіздігіне қауіп төндіретінін ескертеді. Биылғы алты айда көліктегі полиция департаменті ұшақ бортындағы түрлі заң бұзушылықтар үшін 331 адамды жауапқа тартқан. Оның ішінде 189 жағдайда жолаушылар мас күйінде болған, 89 адам ұшақта темекі шеккен, ал 24 жағдайда ұсақ бұзақылық тіркелген.