Мас күйінде қайтадан рөлге отырған 45 жүргізуші сотталды
Заңнамада көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікпен қатар қылмыстық жауапкершілік қарастырылған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін 20 тәулікке қамауға алу және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру түріндегі әкімшілік жаза көзделген.
Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, сол сияқты көлік құралын басқаруды осындай адамға беру немесе көлік құралын осындай адамның басқаруына жол беруі өмір бойына жүргізуші куәлігінен айыра отырып, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырумен қылмыстық жауапкершілікке тартылады, - делінген Астана қаласының прокуратурасы таратқан хабарламада.
Оқиғаларды талдау жүргізушілердің заңды бұзуы қасақана жасалғанын көрсетеді.
Жүргізіліп жатқан профилактикалық іс-шараларға, ескертулерге қарамастан, жүргізушілердің заңсыз әрекеттері тоқтамай отыр.
Биыл соттың басқару құқығынан айыру туралы шешіміне қарамастан, мас күйінде қайтадан рөлге отырған 45 жүргізуші сотталды.
Мәселен, бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған мас жүргізуші қала көшелерінің бірінде жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Сот оны жүргізуші куәлігінен өмір бойына айыра отырып, 5 жылға бас бостандығынан айырды.