Мас күйінде көлік басқарған астаналық судья қызметінен босатылды
Астанада мас күйінде көлік басқарғаны үшін ұсталған судья Әсел Досаева қызметінен босатылды. Бұл ақпаратты Жоғары сот кеңесі растады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Әсел Досаеваны қызметінен босату туралы шешім 2026 жылғы 22 қаңтарда қабылданған. Сот жюриі оның судьялық әдеп нормаларын бұзғанын анықтап, тәртіптік жаза ретінде қызметтен босату туралы шешім шығарды.
Судьяның ұсталғаны туралы ақпарат 2025 жылғы қараша айында тараған болатын. Сол кезде Астанада рейд жүргізген полиция қызметкерлері Mazda маркалы автокөлікті тоқтатып, жүргізушінің мас күйде екенін анықтаған. Сараптама нәтижесі Әсел Досаеваның алкогольдік масаң күйде болғанын көрсетті.
Кейін ҚР Ішкі істер министрлігі оқиғаның 2025 жылғы 1 қараша күні таңғы сағат 04:30 шамасында «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығы маңында болғанын нақтылады. Сонымен қатар судьяның мерзімі өтіп кеткен жүргізуші куәлігімен көлік басқарғаны белгілі болды.
2026 жылғы 6 қаңтарда сот Әсел Досаеваны кінәлі деп танып, 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салды. Айыппұл сомасы – 786 400 теңге. Сот шешімінде оның жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғаны көрсетілген. Аталған шешім сол уақытта заңды күшіне енбеген.