"Мас күйінде әкесін балағаттады": жезқазғандыққа сот үкімі шықты

Жезқазған қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты азамат «Б»-ға қатысты әкімшілік істі қарады. Мас күйінде әкесіне тіл тигізген ер адам 20 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды. Сот оған 6 айға алкоголь ішуге тыйым салды және профилактикалық бақылауға қойды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ұлытау облысы сотының мәліметінше, іс материалдарына сәйкес, азамат «Б» Жезқазған қаласындағы үйлердің бірінде масаң күйде тұрмыстық жанжал шығарып, өз әкесін балағаттаған. Осылайша, ол отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында құқыққа қарсы әрекет жасаған.

Сот отырысында құқық бұзушы өз кінәсін толық мойындап, істеген ісіне өкінетінін айтты. Ал жәбірленуші хаттамада көрсетілген жайттарды растады.

Сот азамат «Б»-ның іс-әрекетінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабының 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықтың құрамы бар деп таныды.

Жаза тағайындау кезінде кінәсін мойындау және өкіну жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілді, ал масаң күйде құқық бұзушылық жасау ауырлататын мән-жай ретінде бағаланды, - делінген облыстық соттың хабарламасында.

Сот қаулысымен азамат «Б» 20 сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту жазасына кесілді. Сонымен қатар, оған 6 ай мерзімге ерекше талаптар белгіленді: алкогольдік ішімдіктерді тұтынуға толық тыйым салынып, әр жұма күні сағат 19:00-ден 21:00-ге дейін профилактикалық әңгімелесу үшін Жезқазған қаласының полиция басқармасына келіп тұру міндеттелді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ архиві/ Бауыржан Жуасбаев
Өзгелердің жаңалығы