Мароккода жойқын су тасқыны болды

Марокконың солтүстік-батыс аймақтарында нөсер жауын жауып, өзендер деңгейінің көтерілуінен кейін болған су тасқынына байланысты 20 мыңнан астам адамды эвакуациялау үшін армияның құтқару бөлімшелерін жұмылдырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Arab News басылымы Су тасқынын бақылау жөніндегі ұлттық комиссияға сілтеме жасап жазғандай, бірнеше апта бойы толастамаған нөсер жауынға қоса, маңайдағы бөгетке су шамадан тыс толуына байланысты судың ағызылуы Лукус өзенінің деңгейін көтеріп, ел астанасы Рабаттан шамамен 190 шақырым солтүстікте орналасқан Ксар-Кбир қаласының бірнеше ықшамауданын су басты.

Сенбі күні 20 мыңнан астам адам паналау орындары мен лагерьлерге көшірілді. Су деңгейі қайтқан сайын билік су басу қаупі жоғары аумақтарға құм толтырылған қаптар мен уақытша бөгеттер орнатты. Алдын алу шарасы ретінде Ксар-Кбирдегі мектептер 7 ақпанға дейін жабық тұруы тиіс. Көршілес Сиди-Касем провинциясында Себу өзенінің деңгейі көтеріліп, бірнеше ауылдың тұрғындары эвакуацияланды, ал билік бақылауды күшейтті, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар жауған нөсер жаңбыр елді жеті жыл бойы қинаған құрғақшылықты тоқтатқаны айтылды. Бұл құрғақшылық Марокконы тұщыландыру қондырғыларына қомақты қаражат бөлуге мәжбүр еткен.

Ресми дерекке сәйкес, су қоймаларының орташа толу деңгейі 60%-ға дейін өскен, әрі бірнеше ірі су қоймасы толық көлеміне дейін толған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Х әлеуметтік желісі/chouftv_ma
Өзгелердің жаңалығы