Маркетплейстер бюджетке 356 млрд теңге салық аударған
Қазақстанда маркетплейстердің бюджетке төлейтін салық көлемі соңғы төрт жылда 9,6 есеге артқан. Бұл электронды сауданың қарқынды дамып, онлайн алаңдардың ел экономикасындағы рөлі күшейіп келе жатқанын көрсетеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда жұмыс істейтін ірі маркетплейстер бюджетке жалпы 356 млрд теңге салық аударған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 11,5%-ға көп, деп жазады Ranking.kz.
Зерттеу барысында Қазақстан тұрғындары кеңінен пайдаланатын тоғыз маркетплейс қарастырылған. Олардың қатарында Kaspi.kz, Wildberries, Ozon, OLX, Forte Market, Flip.kz, Teez, Halyk Market және Satu.kz бар.
Салық төлемі бойынша көш басында Kaspi.kz тұр. Платформаға қатысы бар компаниялар 2025 жылы бюджетке 138 млрд теңгеден астам қаражат аударған. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда шамамен сегіз есеге өскен.
Екінші орында – Қазақстандағы ресми өкілдігі бар ресейлік Wildberries маркетплейсі. Компанияның салық төлемдері 58 млрд теңгеге жуықтаған. Үшінші орында Ozon орналасып, бюджетке шамамен 15 млрд теңге аударған.
Ал алғашқы бестікке OLX (3 млрд теңгеден астам) пен Forte Market (1,4 млрд теңге) енді.
Сарапшылардың айтуынша, маркетплейстер бүгінде тек онлайн сауданы дамытып қана қоймай, шағын және орта бизнестің өсуіне ықпал етіп, мемлекеттік бюджет кірістерін толықтыруда маңызды рөл атқарып отыр.