Марат Ахметжанов Қосшы қаласындағы су тасқыны қауіпті учаскелерді тексерді

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылындағы су тасқынына қарсы жұмыстарды тексерді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Халықтың алаңдаушылығын тудыратын учаскелердің бірі - Тайтөбе ауылының аумағында орналасқан Нұра өзенінің жағалауы. Мұнда Мүсірепов көшесінің бойында ұзындығы шамамен 1 км, биіктігі 1,5 метрден асатын қорғаныс бөгеті тұрғызылды, 300 қап дайындалды. 3-шағын ауданда қорғаныс жер үйіндісін нығайту бойынша жұмыстар атқарылды.

Өңір басшысы қорғаныс бөгеттерін нығайту және ұлғайту жөніндегі жұмыстар жалғасуы тиіс екенін атап өтті.

Біздің басты мақсатымыз – аула аумақтарын, үйлерді және тұрғындардың мүлкін су басуына жол бермеу. Олардың алдын алу бойынша барлық жұмыстарды жүргізу қажет. Сондықтан жұмысты жалғастырыңыздар. Қорғаныс бөгеті алдағы жылдарға да сенімді болуы тиіс, - деді облыс әкімі.

Айта кетсек, Қосшы қаласының әкімдігі Қосшы қаласының ТЖБ-мен бірлесіп, қаланың су жинау станциясы ауданында жер үйінділерін нығайту бойынша жұмыстарды жүзеге асыруда. Жергілікті атқарушы орган және азаматтық қорғаудың жеке құрамы қапшықтарды жер үйіндісіне салуды жүзеге асырады. Ш/а тұрғын үй алабы ауданында №19, 20 үйлер мен көшелердің жанында еріген қар суын сору жүзеге асырылады, арнайы техника - 10 бірлік ассенизатор және 10 мотопомпа іске қосылды. 

Қала көшелерінің жол жамылғысын қалпына келтіру және қар шығару жүзеге асырылуда, арнайы техника - 9 бірлік самосвал және 5 бірлік тиегіш жұмыстар атқаруда. 2000 қапшық салынды, 3000 данадан астам қапшықтар дайындалған. Жедел штаб Самарқанд, Шерубайнұр және Ынтымақ су қоймаларының су төгінділерінің деректері бойынша болжауды ескере отырып, Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылындағы су тасқыны жағдайына мониторингті жүзеге асырады.

Қазіргі уақытта Нұра өзенінің сағасы бойынша су массаларының жоспарлы ағуы жүріп жатыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ақмола облысының әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы