Марат Ахметжанов: Біздің міндетіміз - адамдарды қорғау және шығынды азайту
Су тасқынының өтуі Ақмола облысының әкімі мен Төтенше жағдай министрінің бақылауында, деп хабарлайды BAQ.KZ ТЖМ-ға сілтеме жасап.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновпен бірлесіп, Аршалы, Целиноград аудандары мен Қосшы қаласының су тасқыны қаупі бар учаскелерін, өзендер бассейндері мен гидротехникалық құрылыстарын аэровизуалды тексерді.
Жыл сайынғы шара су жинау алаңдары аумағында қар қорының бар-жоғын, еріген су ағынының пайда болуы, егістіктерден еріген сулардың келуіне байланысты елді мекендерге төну қаупі, Есіл мен Нұра өзендеріндегі арналар мен мұз жамылғысының жай-күйін зерттеу мақсатында жүргізілді.
Сонымен қатар, Астана су қоймасы және Безымянная бөгеті арналарында қар қорын бағалау және су қоймасынан қауіпсіз су жіберуді реттеу және қамтамасыз ету жөнінде шешімдер қабылдау үшін тексеру жүргізілді.
Облыс әкімі су тасқыны ең жауапты кезеңдердің бірі екенін атап өтті.
Біздің бірлескен міндетіміз - адамдарды қорғау және шығынды азайту, соның ішінде алдын алу шаралары. Тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу, оларды жағдайдың өзгеруі бойынша жедел хабардар ету қажет. Тұрғындар өз мүлкін қорғау бойынша алдын ала шаралар қабылдауы, аула аумақтары мен су бұратын арықтарды тазартуы маңызды, - деді Марат Ахметжанов.
Жалпы, облыс бойынша гидрометеорологиялық жағдай тұрақты.
Су тасқынына қарсы алдын алу шаралары орындалуда. Елді мекендерден 2 млн.м3 қар шығарылды. Отын, инертті материалдар мен каптар дайындалды. Автомобиль және темір жол бойында орналасқан 2500-ге жуық су өткізу құрылыстары мен 490 көпір тазартылды. Жалпы сыйымдылығы 12 мың адамнан асатын 268 эвакуация пункті дайындалды. Өзендердің су тасқыны қаупі бар учаскелерінде мұзды қопсыту және ұсақтау бойынша жарылыс жұмыстары аяқталды. Облыс өзендеріндегі мұз кептелістерін жою бойынша жұмыстар жүргізу жоспарлануда.
Азаматтық қорғау құрылымдары мен қызметтері күшейтілген жұмыс режиміне ауыстырылды, су тасқынына қарсы облыстық жедел штаб іске кірісті, облыстың жергілікті атқарушы органдарының барлық деңгейлерінде су тасқынына қарсы штабтардың жұмысы ұйымдастырылды, - делінген таратылған ақпаратта.