«Біз біргеміз!» Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі жандар марапатталды
Ақтөбе, baq.kz. Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау үшін «Біз біргеміз!» атты дәстүрлі салтанатты шара өтті. Осы жылы бұл шара мүгедектігі бар адамдар арасында белсенді өмір сүру салтын насихаттауға бағытталды.
Шараны мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылық жұмыстары, олар еңбек етіп жатқан кәсіпорындардың тауарларының көрмесі ашты.
Шарада сөз сөйлеген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдің қоғамдық өміріне белсенді атсалысып жүрген мүмкіндігі шектеулі жандарды атап өтті.
«Өмір- күрес. Осы өмірге келдің бе – ештеңеге мойымай күресу керек, өмір сүру керек. Егер адам алдына міндет қойып, алға ұмтылса, еңбектенсе, онда ол міндетті түрде арманының орындалуына қол жеткізеді. Әрине, жақындардың, туыстардың, достардың қолдауы қажет. Ақтөбелік мүмкіндігі шектеулі жандар Құралай Базарбайқызының жұмысының арқасында зор қолдауға ие. Соның нәтижесінде мүгедектігі бар мыңдаған адам өмірде өз орнын тауып, отбасын құрды, көбінің ендігі немерелері бар. Бастысы – олар тұйықталып қалмай, жұмыс істеп жатыр және қоғамға пайда әкелуде. Біз, ақтөбеліктер, Елбасына бізді қолдап, жерлесімізге Қазақстандағы ең құрметті атақты бергені үшін алғыс айтамыз. Бұл біздің Президент саясатының әлеуметтік сипатын тағы бір дәлелдейді»,- деді Бердібек Сапарбаев.
Өңір басшысы "Қазақстанның Еңбек Ері" атағын иеленген Ақтөбе облысының мүгедектері қоғамдық ұйымдарының сөзсіз көшбасшысы Құралай Бәйменоваға арнайы көтергіштермен жабдықталған арнайы автокөліктің кілтін табыс етті.
Өз кезегінде, Құралай Бәйменова өзіне берілген автокөлікті мүгедек балалардың «Ғажап» қоғамдық бірлестігіне тарту етті.
«Біз облыс әкімінің бастамасымен бүгінде орасан зор ауқым алған жобаны іске қостық. Бүгін сіздер мүмкіндігі шектеулі деп есептейтін жандардың бүкіл әлеуетін көрдіңіздер. Біздің ұранымыз: «Біз біргеміз!». Бердібек Мәшбекұлы, сізге менің жұлдызымды жаққаныңыз үшін алғыс айтамын»,- деді ол.
Бұдан өзге, «Жайна» мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығына, «Қазақ саңыраулар қоғамы» филиалына, Қазақ соқырлар қоғамының Ақтөбе оқу-өндіріс кәсіпорнына, аутизмі бар балалар ата-аналарының «РАСтёмка» облыстық қауымдастығына жалпы сомасы 1 млн теңгенің ақшалай сертификаттары табысталды.
Қоғамдық қызметтерде, кәсіпкерлікте және өзге де салаларда керемет жетістіктерге жеткен ақтөбелік мүгедек жандар - Гүлмейрам Сражаева, Зинаида Телеушева, Виктория Кваша, Шахан Жолдасбаев, сонымен қатар, шараның құрметті қонақтары – Қазақстан мүгедектер кеңесінің төрағасы Әли Аманбаев, мемлекеттік қайраткер Елеусін Сағындықов, профессорлар Серік Ақшолақов пен Жақсылық Досқалиев, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Дәмежан Сәдуақасова, Батыс Қазақстан облысы әкімінің кеңесшісі Жұмажан Қожжанов жиналғандар алдында өздерінің жігерлендіретін, рухтандырар сөздерін айтты.
Ақтөбе облысында уақытылы әлеуметтік қолдау көрсетіліп тұратын 27 мыңдай мүгедек бар. Былтыр 12 мыңнан аса мүгедек жан техникалық, гигиеналық заттармен, протезді-ортопедиялық бұйымдармен және шипажайлық емдермен қамтылды. Мемлекет мүмкіндігі шектеулі тұлғаларды әлеуметтік жағынан қолдау үшін барлығы 1,8 млрд теңгеден астам қаражат бөлді.
2018 жылы іс жүзінде мүмкіндігі шектеулі барлық азаматтар қайырымдылық қолдаумен қамтылды. Осылайша, облыста мемлекеттік бағдарламалар аясында «Бақытты бала», «Туған жерге тағзым», «Мектепке жол», «Түлек.kz», «Ауыл қамқоршысы» және т.б. жобалар жүзеге асырылып, соның аясында 508 мыңнан аса облыс тұрғынына шамамен 6,5 млрд теңге көлемінде көмек көрсетілді.
Өңір билігінің мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалтуға ерекше көңіл бөлетінін айта кету керек. Бақытты бала жобасы аясында елімізде тұңғыш «Күншуақ» сауықтыру инклюзивті лагері, 220 орындық «Нектар» коррекциялық балабақшасы, сонымен қатар, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС қаражаты есебінен церебралды-сал ауруымен ауыратын балаларды оңалту орталығы, жүйке сүйек-бұлшықет патологиясы мен аутизмі бар балаларға «Аяла» орталығы ашылды.