Марапат, толқыныс, қуаныш: Ақордада ұстаздар қауымы қалай құрметтелді?
Ұстаздар үшін салтанатты рәсім қуаныш пен ерекше толқынысқа толы болды.
Бүгін Ақордада білім саласына үлес қосқан мамандарға құрмет көрсетілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен білім берудегі аса үздік жетістіктері және Қазақстанға сіңірген айрықша еңбегі үшін бірқатар ұстаз мемлекеттік наградалармен марапатталды. BAQ.KZ тілшісі Ақордадағы жиынның кулуарындағы көңіл күйді көзбен көріп қайтты.
Мерекелік жиын басталар алдында Ақорданың ішінде ерекше дайындық жүріп жатқаны байқалды.
Салтанатты іс-шара басталмас бұрын құрмет қарауылы сапқа тұрды. Әскери қызметшілер ресми қарсы алу рәсіміне дайындықтың соңғы кезеңін пысықтауда.
Марапаттау рәсімінен ақпарат тарату үшін бұқаралық ақпарат құралдары да жұмысқа кірісті.
Айта кетейік, педагогтер Мемлекет басшысының қолынан «Құрмет», «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат» медальдарын алып, арнайы атақтар берілді.
Әріптестерінің қуанышын бөлісуге еліміздің бас ұстазы Жұлдыз Сүлейменова да арнайы ат басын бұрыпты.
Марапаттау аяқталысымен Оқу-ағарту министрі БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.
Салтанатты рәсім аяқталған соң марапат иелері Ақорданың кулуарында журналистермен кездесіп, қуаныштарымен бөлісті.
Олардың қатарында Шығыс Қазақстан облысындағы Жамбыл атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаттың мұғалімі Меруерт Мұқашева бар. 29 жылын педагогика саласына арнаған ұстаз үшін Президенттің қолынан мемлекеттік марапат алу үлкен мәртебе екенін айтты.
Бүгін ұстаздар қауымы үшін де, өз басым үшін де ерекше күн. Президенттің қолынан мемлекеттік марапатты алу – біздің еңбегіміздің жемісі ақталып жатқаны үшін қуанамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездестік. Ол кісінің алдында тұрып сөз сөйлеудің өзі үлкен бақыт, – деді ұстаз.
Ол марапаттың қуанышымен қатар, жауапкершілікті де арттырғанын жеткізді.
Біз бұл жерде тек марапатталып қана қоймай, өз басым жауапкершілікті артып қайтып барамын. Екіншіден, шабыт сыйлады. Бұл төсбелгімен тоқтамаймыз, – деді Меруерт Мұқашева.
Ал Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы Бименде Амалбеков атындағы тірек мектебінің география пәнінің мұғалімі Дәмеш Арынқызы 44 жылдық педагогикалық еңбек жолында мұндай марапатты ерекше қабылдағанын айтты.
44 жылдық педагогикалық өтілімде мен үлкен марапатқа ие болып тұрмын. Бұл – мен үшін өте ерекше күн. Еңбек жолымды аға вожатый болып бастаған едім. Содан бері өзім түлеп ұшқан мектепте ұстаздық қызмет атқарып келемін, – деді ол.
Ардагер ұстаздың айтуынша, бүгінде мектеп өмірі де заманмен бірге өзгеріп келеді. Ол жасанды интеллектіні меңгеріп, оны жастарға үйретіп жүргенін айтты.
Маңғыстау облысы Түпқараған ауданындағы Ақшұқыр мектеп-лицейінің ардагер ұстазы Қаламқас Тілеубаева үшін де бүгінгі марапат – жарты ғасырдан астам уақытқа созылған еңбегінің үлкен бағасы.
Бар саналы ғұмырымды ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаз ретінде бүгінгі көрсетіліп жатқан құрметке шексіз ризашылығымды білдіремін. Президенттің қолынан марапат алу – бұл менің еңбегіме берілген үлкен баға деп есептеймін, – деді Қаламқас Тілеубаева.
50 жылдан астам педагогикалық еңбек өтілі бар ұстаз ауыл мектебінің де биік жетістіктерге жете алатынын атап өтті.
Ауыл мектебінің қала мектебінен айырмасы болмауы керек деген әңгімені Мемлекет басшысы өз сөзінде айтып кетті. Мен мұны дәлелдеген басшымын деп есептеймін, – деді ардагер ұстаз.
Осы кезде марапат алған педагогтер қауымы министр Жұлдыз Сүлейменовамен қосылып, ұстаз туралы әндерді шырқай жөнелді.
Осы сәтте мерекелік көңіл күйдің лебі ерекше сезілді.
Ақордадағы салтанатты жиын ұстаздар үшін марапатпен ғана емес, өзара қуаныш бөлісіп, әріптестерін құттықтаған ерекше күн болды.
Ұзақ жылдық еңбек пен шәкірт тәрбиесіне арналған уақыттың өтеуі болған бұл сәтте педагогтердің жүзінен қуаныш пен толқыныс қатар байқалды.
Ақордадағы салтанатты шарадан кейін ұстаздар бір-бірін құттықтап, естелік суретке түсті. Көңілде – толқыныс, жүзде – қуаныш.
Ұзақ жылын шәкірт тәрбиесіне арнаған ұстаздар үшін бұл күн еңбектің еленгенін сезіндірген ерекше сәт болып қалды.