Маралдың мүйіздері салынған қораптар ұрланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Былтыр жыл соңында ШҚО Зайсан ауданында 230-дан астам келі маралдың мүйізі ұрланған. Күдікті Алматы қаласында өткізу кезінде ұсталды. Бұл туралы ШҚО ПД баспасөз қызметі хабарлады. 

Ұсталған азамат - Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны. Ұрлық былтыр желтоқсан айының ортасында болған. Зайсан ауданы полиция бөлімінің «102» жедел арнасына Зайсан қаласында орналасқан жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінің 62 жастағы күзетшісінен Қызыл кітапқа енген жануардың мүйіздерін ұрлау фактісі бойынша ақпарат түскен. 


Тексеру барысында түнде белгісіз біреудің жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің аумағына кіріп, контейнердің аспалы құлпын бұзып, қораптарды ұрлап кеткені анықталды. Оның ішінде жалпы салмағы 236 килограмнан асатын маралдың мүйіздері болған, - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев. 

Биыл ақпан айында күдікті Алматы қаласында ұсталды. Ол 23 жастағы Зайсан ауданының тұрғыны болып шықты.

Ұстау барысында ер адам ұрланған заттардан құтылмақ болып, оларды жолдың бойына лақтырып кеткен. Қазіргі уақытта айғақ заттар тәркіленді. Тергеу жалғасуда. Аталған факті ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы бойынша (тұрғын, қызметтiк немесе өндiрiстiк үй-жайға, қоймаға не көлік құралына заңсыз кiрумен жасалған ұрлық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді, - делінген баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы