Екі аптадан соң Маралды тұзды көлінде туристік маусым ашылады
Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Облыс орталығынан 65 шақырымдық жерде орналасқан Маралды тұзды көлінде ІІІ туристік маусым екі аптадан соң ашылады.
Облыстық спорт және турзимді дамыту басқармасы өкілдерінің мәліметінше, былтырғы жылғы маусымда тұзды көлге 60 мыңнан астам келіп, тынығып қайтқан. Демалушыларды көлдің тұзды суы, шипалы батпағы қызықтырады. Бұл көлде емді батпақтың төрт түрі бар.
Маралды көлінің жағасында емдеу-сауықтыру туризмі үш жыл бойы дамып келеді. 2017-2018 жылдары 380 млн теңгенің инвестициясы құйылып, көлдің маңы абаттандырылған. Дәмханалар, екі пирс, дәретханалар сияқты орындар бой көтерді. Ал көлдің жағасына құм тасымалданып, аумағы кеңейтілді.
«Қазіргі уақытта жаңа туристік маусымға дайындық қызу. Туристердің сұранысын өтеу мақсатында толыққанды демалыс үшін бар жағдай жасалады. Тұщы су алатын ұңғыма қазылды, жолдар салынды. Сонымен қатар, 90 орынға шақталған бес шағын үй мен киіз үйлер іске қосылады», - дейді Маралды демалыс орнының өкілі Жанар Асылова.
Айта кетейік, Маралды көлінің аумағына кіру адам басына шаққанда 700 теңгені құрайды. Жағалауға жататын 2000 орын орнатылады.
«Жеке инвестициялардан бөлек былтыр туризмді дамытуға 24 млн теңге бөлінді. Қаражат электр желілерін тартуға жұмсалды. 2018 жылы Мемлекет басшысының облысқа іссапары барысында Баянауыл ауданы мен Шарбақты ауданындағы Маралды көлінің демалыс аймақтарына инженерлік коммуникация тарту бойынша тапсырма берілді. Қазіргі уақытта Маралды көліне автомобиль жолын салу бойынша жобалық құжаттама әзірленді. Осы жерде екі автотұрақ, жаяу жүргінші жолдарын салу бойынша 1,4 млрд теңгенің бюджеттік өтініші әзірленіп жатыр», - дейді салалық басқарма мамандары.
Болашақта Маралды көлі толыққанды емдеу-сауықтыру орнына айналады деген жоспар бар. Көлдің маңында марал мүйізімен емдейтін шипажай ашылады. Әзірге 50-ден астам марал әкелініп, өсіріліп жатыр.