ШҚО. «Маралды-Үшбұлақ» автожолы жөндеуден өтеді

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы рет үш жыл бұрын жөндеу көрген аталған жол бөлігі биылғы жылдың мамыр айында қайта қолға алынбақ. Бұл жөнінде Күршім ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Әзімбаев хабарлады.

Жауапты тұлға аудандық маңызға ие 25 шақырымдық «Маралды-Үшбұлақ» автожолының осыдан үш жыл бұрын жөндеу көргенін айтады.

«Соңғы рет бұл бағыттағы жолды жөндеуге 2016 жылы 2,1 млн теңге қаражат бөлініп, бір шақырым бөлігіне қиыршық тас төгіліп, тегістеу жұмыстары жүргізілген болатын. Жолдарды көктем және күз мезгілінде жоспарлы түрде және қажеттілік туындаған жағдайда қосымша тегістеу жұмыстары атқарылады», - деді Қайрат Зайнолдабекұлы.

Аталған жолды күтіп-ұстауға аудандық бюджет тапшылығына байланысты қаржы бөлінбегенін тілге тиек еткен ол, биыл облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, мамыр айында грейдерлеу жұмыстарының жүргізілетінін айтты.

«Бұл жолды күтіп ұстау жауапкершілігі аудан әкімдігіне қарасты «Күршім» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына жүктелген. Жолды орташа жөндеуден өткізу үшін еліміздің ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінен 2019 жылдың 18 қаңтарында №373-ші ведомстволық сараптамасы алынып, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік өтінім өткізілді», - деп қосты аудан әкімінің орынбасары.

Естеріңізде болса, біз бұған дейін 2019 жылы Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің жол жөндеу жұмыстары қарқынын арттыру мақсатында 50 де 50 сызбасы бойынша республикалық бюджеттен орташа жөндеуге паритетті негізде қаржыландыру қарастырмақ ниетте екенін айтқан болатынбыз. Жалпы, жыл көлемінде өңірде облыстық маңыздағы алты және аудандық маңыздағы бес автожолды орташа жөндеуден өткізу жоспарланғанын облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы хабарлаған болатын.

Атап айтсақ, бүгінгі таңда Бородулиха-Жезкент, Шүлбі-Жаңа Шүлбі, Өскемен-Самар, Семей-Курчатов, Семей-Қарауыл және Үлкен Нарын-Күршім бағытындағы тасжолдарға орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу белгіленіп те қойған. Бұдан бөлек, биылғы жылы Мақаншы-Келдімұрат, Парыгино-Кутиха, Технологиялық тас жол-Парыгино, Жамбыл-Дайыр-Көкжыра, Ақтоғай-облыс шекарасы сияқты аудандық маңыздағы тасжолдардың да орташа жөндеуден өткізілуі жоспарланған. 
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы