Маралды ауылындағы мал өлімінің себебі анықталып жатыр
Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданына қарасты Маралды ауылындағы 8 мал өліміне қатысты ветеринариялық қызметтер жан-жақты зерттеу жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Еске салсақ, 19-20 қыркүйекте Маралды ауылында 8 мал өлімі тіркелген болатын. ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың тапсырмасымен дереу құрылған арнайы топ оқиға орнына келіп жетті. Мал өлекселерінен, су мен топырақтан сынама алынып, ветеринариялық зерттеулер, вакцина егу және дезинфекциялау жұмыстары жүргізілді.
Экологтар жүргізген зерттеу нәтижесіне сәйкес, рН деңгейі, қалқымалы заттар, аммоний, мұнай өнімдері, цианид, ауыр металдар және басқа да элементтер бойынша шекті рұқсат етілген мөлшерден асып кету фактісі тіркелмеді.
Ал бүгін Маралды тұрғындарымен кездесу өтіп, ветеринар мамандар жүргізген зерттеу жұмыстарының қорытындысы жария етілді.
Зерттеу нәтижелері бойынша сібір жарасы, пастереллез және эмфизематозды карбункул сынды аса қауіпті жұқпалы аурулардың белгілері анықталмаған. Токсикологиялық тексеру де улану фактілерін көрсетпеді, тек натрий хлориді мөлшерінің аздаған артықтығы байқалды. Қазіргі уақытта мамандар малдың өліміне нақты не себеп болғанын анықтау мақсатында жем-шөпке, су мен топыраққа және биоматериалдарға қосымша зерттеу жүргізуді әлі де жалғастырып жатыр. Осындай жұмыстар Үлкен Нарын ауданының Балғын және Көктерек ауылдарында да өткізілмек, - деді ШҚО Ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағандықов.
Қазіргі уақытта Маралды ауылындағы эпизоотиялық жағдай тұрақты. Жаңа мал өлімі тіркелмеген. Ветеринарлар күн сайын малдың жай-күйін қадағалап отыр.
Сондай-ақ мал өлімі себептерін тереңірек зерттеу мақсатында су, жайылымдағы жем-шөп және өзге де сынамалар тұрақты түрде алынып, зертханалық сараптама жүргізіліп келеді.