Маралдар әлемі: Экотуризм немесе пантымен адамды қалай емдейді

Қазақстанның тағы бір байлығы – ол маралдар. Соңғы жылдары оларды қорғау үшін ұлттық парктер мен қорықтар ашылды. Табиғаттың бұл асыл жануары экожүйенің тепе-теңдігін сақтап қана қоймай, адамзат денсаулығына да пайдасын тигізіп келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бурабайдың маңында Зеленый бор деген ауылда маралдар фермасы бар. Бұл мал өсіру фермасында туристер маралдардың қалай өмір сүретінін өз көздерімен көре алады.

Жалпы маралдар жайлы не білеміз?

Маралдар топтасып өмір сүреді. Мысалы, жазда 10-15 маралдан тұрса, қыста олар ірі топтарға бірігеді.

Маралдың салмағы шамамен 250-300 келіге дейін жетеді, ал денесінің ұзындығы шамамен 2,5 метр.

Марал фермалары экологиялық туризмді дамытып, табиғат аясында демалу және емделу мүмкіндігін береді. Сондай-ақ денсаулыққа пайдалы өнімдерді өндіреді.

Оған қоса марал шаруашылығы аймақтық экономиканы дамытуға үлес қосады.

Еркек маралдардың басты ерекшелігі – жыл сайын жаңарып тұратын мүйіздері.

Марал мүйізінің (пантылар) емдік қасиеттері көптеген ғасыр бойы белгілі. Шығыс медицинасында марал мүйіздері әртүрлі ауруларды емдеу үшін кеңінен қолданылған. Мүйіздерден алынатын заттар пантокрин деп аталады және бұл өнім медициналық және косметикалық салаларда үлкен сұранысқа ие.

Жас мүйіздер жаз айларында, олар әлі сүйектеніп үлгермеген кезде, арнайы әдіспен алынады. Бұл процесс жануарларға зиян келтірмей жүргізіледі.

Жиналған мүйіздер кептіріліп, ұнтақталып немесе арнайы препараттарға өңделеді. Кейбір фермаларда туристерге мүйіз ванналары ұсынылады.

Пайдалы қасиеттері:

1. Иммунитетті нығайтады
Марал мүйізіндегі табиғи биоактивті заттар ағзаны нығайтуға көмектеседі, суық тию мен жұқпалы ауруларға қарсы тұру қабілетін арттырады.

2. Қан айналымын жақсартады
Пантылар қан айналымын жақсартып, жүрек-қан тамыр жүйесіне оң әсер етеді. Қан қысымын реттеп, тромбоздың алдын алады.

3. Энергияны арттырады
Пантокрин физикалық және эмоционалдық шаршауды азайтып, дене қуатын қалпына келтіруге көмектеседі.

4. Бұлшық ет пен сүйек жүйесін нығайтады
Пантыларда кальций, фосфор және басқа микроэлементтер бар, олар сүйектер мен бұлшықеттерді нығайтуға көмектеседі.

5. Қабынуды азайтады
Марал мүйізінен жасалған өнімдер буын ауруларын емдеу мен қабынуды азайту үшін қолданылады.

6. Теріге пайдалы
Косметикалық өнімдерде пантылар теріні ылғалдандырып, оның серпімділігін арттырады.

Қорытындылай келе, марал мүйіздері табиғи емдік өнім ретінде жоғары бағаланады. Олар денсаулықты нығайтуға, ағзаны қалпына келтіруге және эмоционалдық жағдайды жақсартуға көмектеседі. Қазақстандағы марал фермалары тек медициналық емес, сонымен қатар экологиялық және туристік салада да маңызды орын алады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
Өзгелердің жаңалығы