Марал ишанның құраны Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қойылады

Түркістанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында көтерген рухани мәселелер бойынша республикалық дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жиынға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлы, Қазақстан Республикасы Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Болатқызы, сондай-ақ ҚМДБ жанындағы Ақсақалдар кеңесінің, Ғұламалар кеңесінің мүшелері, имамдар, еліміздегі жалғыз діни жоғарғы оқу орны Нұр-Мүбарак университетінің, ақпараттық-насихаттау, оңалту орталықтарының өкілдері қатысты.

Министр Дархан Қуандықұлы Ұлттық Құрылтайдың екінші отырысында ел Президенті көтерген рухани мәселелерге қатысты пікірін бөлісіп, дін мамандарының қызметін тілге тиек етті.  

Түркістан топырағында ұлт зиялыларының басын қосқан Ұлттық Құрылтай өткені баршамыздың есімізде. Сол алқалы жиында Мемлекет басшысы: «Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құрады. Отанға, отбасына адалдық – парасаттылық пен адамгершіліктің белгісі», – деп атап көрсетіп, «адал азамат» концепциясын алға тартқаны белгілі. Бүгінгі жиынның осы шаһарда өтуінің маңызы зор. Себебі сонау замандардан, хақтың сөзі құраннан бастау алатын «адал азамат» ұғымы дінмен тікелей байнанысты. Естеріңзде болса, Түркістанда өткен ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Марал ишан бабамыз Кенесары ханға сыйлаған құранды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына беруді тапсырған болатын. Аталған асыл мұра күллі түркі әлемінің ұстазы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне қойылмақ. Бұл халқымыздың рухани өміріндегі елеулі оқиға боларына шүбә жоқ, - деді Дархан Қыдырәлі.

Жиынға қатысушылар деструктивті діни ағымдардың алдын алу, салалық сын-қатерлерге  уақтылы төтеп беру үшін кешенді талдау мен зерделеу жұмыстарына басымдық берілу қажеттілігі секілді бірқатар маңызды мәселелерді талқылап, түрлі ұсыныс білдірді.

Өз кезегінде министр Дархан Қыдырәлі, іс-шарада бірқатар өзекті мәселелер көтеріліп, орынды ұсыныстар ортаға салынғандығын атап өтіп, қатысушыларға белсенді азаматтық ұстанымдары мен сындарлы сарапшылық пікірлері үшін шынайы алғысын білдірді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы