Мақтааралдағы атыс: Қақтығыста полицей жараланып, ер адам қаза тапты

Мақтаарал ауданында бұрынғы жұбайымен жанжалдасқан ер адам оқ атып, полицейді жаралаған. Оқиға орнында құқық бұзушының өзі қаза тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Мақтаарал ауданы полициясына жергілікті тұрғыннан оның бұрынғы жұбайы қарумен келіп, балаларының көзінше жанжал шығарғаны туралы хабарлама түскен.

Полиция келгенде мылтық ұстаған ер адам жүгіріп шығып, көрші үйдің ауласындағы сарайға тығылды. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін аумақ толық қоршалған.

Полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына қарамастан, ер азамат бұйрыққа бағынбай, полицейлердің бірін жарақаттап, оқ жаудырған. Жағдайды тұрақтандыру үшін полицейлер ауаға ескерту оқтарын атқан.

Алайда құқық бұзушы ескертулерге тоқтамағаннан кейін, заңнамаға сәйкес табельдік қару қолданылды. Құқық бұзушы алған жарақатынан оқиға орнында қайтыс болды. Тексеру барысында тіркелмеген шолақ мылтық, патрондар мен гильзалар тәркіленді. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлады Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау үшін қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Тергеу барысы Полиция департаменті басшылығының бақылауында. 

Тергеу мүддесіндегі өзге де ақпараттар ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы