Мақтааралда спорт сарайының құрылысы басталады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мақтаарал ауданының орталығы Мырзакент кентінде спорт сарайының құрылысы басталады. Жалпы биыл ауданда 6 млрд теңгеге 9 әлеуметтік нысанның құрылысын жүргізу жоспарланған. Бұл туралы ауданның сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Бижан Анарбеков мәлімдеді, деп хабарлады аудан әкімінің баспасөз қызметі.

 

Аудан орталығы Мырзакент кентінен үлкен спорт сарайының құрылысы, Еңбекші ауылдық округі Т.Жайлыбаев елдімекенінен мәдениет үйі мен кітапхананың құрылысы, Жамбыл ауылдық округі Жалын елдімекенінен мәдениет үйі мен кітапханының құрылысы басталатын болады. Ол үшін "Ауыл - ел бесігі" бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен қаржы бөлінді, - деді Б.Анарбеков.

Ауданның бас архитекторының айтуынша, өткен жылдан өтпелі 300 орындық 2 мектептің, 200 орындық  3 мектептің және ауданның дербес бөлімдеріне арналған әкімшілік ғимаратының құрылысы биыл жалғасады. 

Атап айтқанда, Иіржар ауылдық округі Алаш ауылындағы 300 орынға арналған "Жас алаш" мектебінің, А.Қалыбеков ауылдық округі Абат ауылындағы Ж.Нұрлыбаев атындағы 300 орындық мектебінің,  Бірлік ауылдық округі Еркінабад ауылындағы 200 оқушы орынға арналған №113 мектептің, Иіржар ауылдық округі Азамат ауылындағы 200 орынға арналған Х.Алимжан атындағы мектептің, Жаңа жол ауылдық округі Нұрлы жол ауылындағы 200 орынға арналған "Нұрлы жол" мектебінің құрылысы және Мырзакент кенті Мадиходжаев көшесінің бойында салынып жатқан әкімшілік ғимаратының құрылыстарын жалғастыруға да қаржы бөлінген.

Айта кетейік, бөлім басшысы халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін Мырзакент кентінің жаңа мөлтек ауданында орналасқан Жоба-1, Жоба-2 көшелерінің бойынан әрбірі 3 қабатты, 36  пәтерлері болатын жалпы 4 көпқабатты тұрғын үйлердің жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленгенін, қаржы бөлінген жағдайда құрылысы басталатынын да атап өтті. 

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы