Мақсат қойған адамның мүмкіндігінде шек болмайды

Талдықорғандағы «Асар» спорттық-оңалту орталығынан 2014 жылдан бері 4 мыңнан астам адам емделіп шыққан. Оның 900-і балдағын тастаса, 1500-ден астамы өз еркімен тамақтанып, қалпына келген. Осы ретте біз орталық басшысы, адал азамат Елдос Баялышбаевпен тілдескен едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Елдос мырза, жетісулықтар ғана емес, мұқым қазақ елі сіздің атқарып жатқан жұмыстарыңызбен таныс. Әңгімеміздің басын осы оңалту орталығанан бастасақ...

Әркімнің тағдыры әртүрлі. Мен тағдырластарға қолдан келгенше көмек беруге тырысамын. Біз алғаш жұмысты жертөледе бастадық. Оңай емес, әрине. Талай республикалық, шетелдік жобаларға қатысып, гранттар жеңіп алдық. Ұтқан қаржыны көптен ойда жүрген жеке жайлы орталықты салуға жұмсадық. Жетпегенін несие алып, салдық. 

Жергілікті қолы ашық азаматтар мен облыс әкімдігі көмектесті. Жетісу облысының басшысы Бейбіт Исабаев мекемеге келер жолды жасап, газ тартып берді. Міне, бүгін игілігін өзім секілді сынаққа түскен тағдырластар көріп жатыр. Осында келіп, ем-дом қабылдауға асық жандарға тегін қызмет көрсетеміз.

Грант деп қалдыңыз, Жапония елшілігінің жабдық сатып алуға берілетін «Шөп тамыры» грантын үш рет жеңіп алған тұңғыш кәсіпкер екенсіз. Осы жазда Жапонияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Джун Ямада келіп, еңбегіңізге қайран қалыпты...

Алғаш 2015 жылдан бастап осы жобаны қолға алуға бекіндік. Сөйтіп «Сәби» қорының «Өз бизнесіңді құр» байқауында бақ сынадым. Үш жыл қатарына қатыса жүріп, соңында жеңіске жеттім.

Сосын 2017 жылдан бастап Жапония елшілігінің мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған құрал-жабдықтар сатып алуға берілетін «Шөп тамырлары» конкурсына қатыстым. Әр жылдары бақ сынай жүріп, 3 рет грантын алдық. Бұл Қазақстанда бұрын болмаған жағдай. Өздері де таңғалды. Бұл шетелден заманауи құрылғылардың алуда көп көмек болды. 

Жапония мемлекетінің елшісі Джун Ямада орталықты көзбен көріп, ришалығын білдірді. Оған қоса «Даму» қорының жеңілдік шарттары бар несиелік қаражатын да іске асырдым. Қалалық әкімдік құрылысқа жер телімін жалға берді, қазір оны сатып алдық. 

Шыны керек, ұзақ уақыт кетті. Бұл істің артына үлкен еңбек жатыр. Алғашында 4-5 адам қызмет етсе, қазір орталықта жалпы алғанда 40-тан астам адам еңбек етеді.

Байқасақ, өңірде жоқ құрал-жабдықтарды осы нысаннан табуға болады. Орталық күніне қанша адам қабылдайды?

Орталыққа емделушілер алдын ала жазылады. Біз алыс-жақыннан келген тағдырластардың ешқайсысын бөліп-жармаймыз. Күніне 30-40 адам келіп, ем-домын алады. Жылына 500-ге жуық азаматқа көмек көрсетеміз. Тіпті одан да көп болуы мүмкін. 

Ғимараттың жалпы ауданы 700 шаршы метр. Мұнда фзиотерапия, кинезотерапия, массаж, емдеу, психолог және логопед кабинеттері бар. Кедергісіз орта қалыптастыруға бар жағдай жасалған. 

Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың нәтижесінде қызмет тегін көрсетіледі. Мәселен, испандық экзоскелет адамға қайтадан жүруге жол ашады. Бұл салмағы 17 кг болатын модель, ресейлік өндіріс моделінің салмағы 46 келі.

Қазақстанда мұндай модель жоқ, бұл модель қозғалыс датчиктерінің функциясына ие. Оған қоса «Луна» көпфункционалды роботтанған оңалту жүйесі бар. Бұл ерекше тренажер неврологиялық және ортопедиялық патологиясы бар, бастан өткерген жарақаттары мен ауруларына байланысты қозғалыс бұзылыстары бар науқастарды емдейді. 

Мұнда Америка, Жапония, Германия, Италия, Ұлыбритания, Испания, Польша секілді мемлекеттерден әкелінген 30-дан астам тренажерлер мен арнайы жабдық орналасқан.

Бұл тренажермен жұмыс істейтін мамандарды қайдан аласыздар? Оларға қойылатын арнайы талаптар бар ма?

Әрине, біз мамандарды іріктеп аламыз. Біздің салаға білікті мамандар ауадай қажет. Олар алдымен сынақ мерзімінен өтеді, жақсы жұмыс көрсеткеннен кейін барып ары қарай бірлесе еңбек етеміз. 

Мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жұмыс істеудің өзі тәртібі мен қиындығы бар. Бүгінде шетелдік білікті дәрігерлермен тілдесіп тұрамыз. Біздің оңалту орталығы Германиядан келген білікті мамандармен тәжірибе алмасып, білмегінін үйреніп жатыр. 

Биыл шетелдік реабитологтар 21 күн сабақ беріп кетті. Болашақта осында қызмет ететін мамандарды шетелге жіберіп, оқыту жоспарымызда бар. Әрине, бәрі қаражатқа келіп тіреледі. Бұйырса, оған да жетеміз.

Естуімізше, мұнда мүмкіндігі шектеулі жағдайда жұмыс істейді екен. Сол рас па?

Иә, біз де тағдырдың тауқыметін көрген жастар бар. Олар бүгінде өз саласының жетік маманы ретінде көзге түсіп жүр. Қанша адам өмірден өз орнын тапты. Бізде қоларбаға танылған адамдар жұмыс істейді. 

Мәселен, програмисіміз, диспечеріміз, юристіміз арбада отырады. Олар өз саласын жетік біледі. Тағырластарымызға қай жерде жұмыс бар сонда кіргізуге тырысамыз. Мұнда бәріне жайлы жағдай жасалған.

Сырттан келіп емделушілер бар ма?

Болашақта оңалту орталығын үлкейту ойымызда бар. Сырттан келіп емделушілерге қолайлы болуы үшін жатақхана салу жоспарда тұр. Алдағы уақытта осы іске бет бұрмақ ниеттеміз. 

Себебі басқа қаладан келіп, осында емделуге асық жандар қатары көбейіп келеді. Оларға арнайы үй керек. Сол үшін біз жатын орын дайындауды ойлап отырмыз. Қазір кейбір мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызды жаны жомарт жандар өздері тегін тасып жүр.

Сонда бұл қоғамдық жұмыс па?

Солай десе де болатын шығар. Бізде тағдырдың тауқыметін тартқан азаматтарға қолдан келгенше көмек беруге әзір еріктілер бар. Олар тегін такси қызметін көрсетеді. Яки, өңірдегі инвотакси қызметіне көмек ретінде жұмыс істейді. Олар аптасына жоқ дегенде 20 тапсырыс орындайды. Яғни өзіңіз сияқты көлігі бар азаматтар, тағдарластарды тегін апарып келеді. 

Дүкенге болсын, саябаққа болсын бәрібір қалаған жеріне тегін жеткізеді. Бұл қызмет 2017 жылдан бері бізден бірге жүзеге асып келеді. Арнайы диспечер бар. Олар 7 жыл ішінде 10 мың тапсырыс орындаған. 

Мәселен, облыс орталығындағы 400-400 такси қызметіне өңірдегі кәсіпкерлер қаржы құйып, осындай азаматтарды тегін тасымалдауға жағдай жасап жүр. Одан да бөлек атымтай жомарт азаматтар көмектесіп тұрады. Бәрін бірдей айту мүмкін емес.

Сізді Мәслихат депутаты ретінде тағдырластарыңызды жайына аса мән беретініңізді білеміз. Осы бағытта да атқарып жатқан жұмыстарыңызды айта кетсеңіз?

Мен депутат ретінде мүмкіндігі шектеулі спортшылардың ұсынысын облыс әкімі Бейбіт Исабаевқа жеткіздім. Бұған дейін тағдырластар республикалық жарыста жүлделі орын алатын болса, басқарма тарапынан 70 мың теңгелік сыйақы берілетін. 

Осы мәселені көтеріп, Бейбіт өксікбайұлына жеткізді. Өңір басшысы ұсынысымды қабылдады. Бүгінде облысымыздың намысын қорғаған азаматтар 220 мың теңге сыйақы алады. Одан бөлек кәсіпке бағыт қойған тағдырластарға есігім әрқашан ашық. Оларға қолдан келген көмегімді аяп қалған емеспін. Қандай жол бар, қандай көмек бар, ақылымды айтамын. 

Өзім секілді кәсіпке бет бұрғысы келетін бір бала мобильді инфотерапия орталығын ашуды ойластырып жүр екен. Оған сол саладағы кедергілерді аттап өтетін жолды айтып бердім. Ол бүгінде Талдықорғаннан қалаған орталығын ашты. Тағы да балабақша ашуды көздеген азаматтарға да білгенімді айтамын.

Елдос мырза, сіздің еңбегіңізге қарап, Мемлекет басшысының «адал азамат» деген ұғымы есіме түсіп отыр. Сіз оны қалай түсінесіз?

Мақсатқа жету үшін ешқашан мұқалмау керек. Мақсат қоя білген адамның мүмкіндігі шексіз, соны пайдалана білсе ешқандай кедергі бөгет бола алмайды. Адал еңбектенген адамның Алла тағала нәсібін арттырады. Бір-бірімізге қамқор болайық, сауапты істер көп жасайық. Мен тағдырластарға қашанда көмек беруге әзірмін.

Әсерлі әңгімеңізге рақмет!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы