Маңызды қадам: БҰҰ елімізде қабылданған тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңды қолдады
Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстанға тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы қабылданған заңды қолдайтынын жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори жаңа заң гендерлік зорлық-зомбылықтың бүкіл түрін тамырымен жою жолындағы маңызды қадам деп атады.
Бұл заңнамалық шешім Қазақстанның адам құқығын, әсіресе әйелдер, балалар мен халықтың осал топтарын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан сақтауға бейімділігін айқындап көрсетеді. Бұл гендерлік зорлық-зомбылықты жою жолындағы алға басқан қадам, - деді Микаэла Фриберг-Стори.
Айтуынша, заңның қабылдануына өз жұбайын өлтірді деп күдікке ілінген бұрынғы жоғары шенді шенеуніктің әрекетіне қоғамның кеңінен назар аударуы себеп болған.
Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін қылмыстық жауапкершілікке тарта отырып, Қазақстан ондай әрекетке жол берілмейтінін, ал кінәлілер заңға сәйкес жауапкершілікке тартылатынын алға тартты.
Бұл маңызды қадам тек гендерлік теңдікке себеп болып қана қоймай, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жандар өмірлерін қалпына келтіруі үшін әділдік пен қолдауға ие болатынына кепілдік береді, - деді тұрақты үйлестіруші.
Еске сала кетейік, бүгін Мемлекет басшысы әйелдер мен балаларға қарсы қылмыстар үшін жауапкершілікті күшейтетін заңға қол қойды.