Маңызды қышқылдар: Омега-3, омега-6 және омега-9 айырмашылығы қандай?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Дәрігерлер организм үшін май қышқылдарының пайдасы жөнінде көп айтады. Оның үстіне қазір екінің бірі осы қышқыл қосылған препаратты қабылдайды. Дегенмен көбі омега-3, омега-6 және омега-9-ды не үшін қабылдау керек екенін, олардың қандай айырмашылықтары бар екенін біле бермейді.
Аif.ru-дың хабарлауынша, омега-3, омега-6 және омега-9 қанықпаған май қышқылдары болып табылады. Олардың әрқайсысы химиялық құрылымы бойынша ерекшеленеді.
Омега-6 және омега-3 – полиқанықпаған май қышқылдары. Олар энергия көзі саналады. Бұл заттектер өздігінен түзілмейді, сол себепті ағзаны қамтамасыз ету үшін белсенді биологиялық қоспаларды немесе осы заттектерге бай тағаммен тамақтану қажет.
Ал Омега-9 болса, моноқанықпаған май қышқылдарына жатады. Ол өздігінен ағзада түзіле алады.
Омега-3 балықта, зығыр дәнектерінде, рапс, сора майларының құрамында болады.
Сонымен қатар омега-6-ға бай өнімдер арасында балқарағай жаңғағын, асқабақ дәнегін, жұмыртқа, пісте, сүйек майын ерекше атап өтуге болады.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, адам ағзасы омега-9-ды өздігінен өндіре алады. Алайда әртүрлі тағам өнімдерінде де май қышқылдары болады. Мәселен зәйтүн майы, теңіз өнімдері, авокадо, грек жаңғағы. Ағзада омега-9-дың жеткілікті деңгейін сақтап тұру үшін арнайы диетаның қажеті жоқ.