Мәншүк мұражайы: жәдігерлер тарихтан сыр шертеді
Орал қаласы Сарайшық көшесіндегі №51 үйдің ғасырдан астам тарихы бар, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Дәл осы үйде 1932-34 жылдары Мәншүк Мәметованың әкесі, Алаш Орда қайраткерлерінің бірі, ақын-журналист, дәрігер Ахмет Мәметов мекендеген. Қазақтың қайсар қызының табанының табы қалған ғимарат 1982 жылы 7 шілдеде, Мәншүктің 60 жылдық мерейтойы қарсаңында мемориалды музей-үйге айналыпты.
Музей меңгерушісі Ахмедияр Батырхановтың айтуынша, сол шараға Мәншүктің анасы Әмина Сүлейменова, Оралда оқыған кездегі ұстазы, сынып жетекшісі Валентина Зайцева, 2 мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов, Ғабит Мүсіреповтің "Қазақ солдаты" романындағы Қайроштың прототипі болған Кеңес Одағының Батыры Қайырғали Смағұлов, Маршал Жуковтың қызы Мария Жуковалар қатысқан. Музейде алғаш ашылған кезде небәрі 300 экспонат болса, қазір 10856 жәдігер бар. Мұражай қоры жыл санап толығып тұрады.
Келушілерді музей ауласында бойжеткен Мәншүктің қоладан құйылған ескерткіші қарсы алады. Музей екі бөліктен тұрады. Үйдің сыртқы жағындағы жеке ғимаратта "Мәншүктің өшпес ерлігі" диорамасы орналасқан. Диорама 1993 жылы 22 маусымда ашылыпты. Авторы Мәскеу қаласындағы Греков атындағы әскери студиясының суретшісі Ананьев Михаил Ананьевич. Ал үйдің ішінде Мәметовтер отбасының пайдаланған бұйымдары қойылыпты. Төргі бөлмедегі төсек, ортадағы дөңгелек үстел, тіпті, шыны-аяқтарға дейін Мәншүктің қолы тиген бұйымдар. Айна, сандық, "Zinger" тігін машинасы, қобдишалар, кестелер, хаттар, барлығы да бірегей, түпнұсқалық экспонаттар. "Мен өліп кетсем, сіздер үшін, Отан үшін жанымды пида етемін" деп батырдың анасына жазған соңғы хаты да осында. Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында BAQ.KZ тілшісі осы музей меңгерушісі, өңірге белгілі өлкетанушы Ахмедияр Батырхановпен тілдескен болатын.
- Ахмедияр Қуанұлы, сізді Жайық жұртшылығы Екінші дүниежүзілік соғыс тарихын зерттеуші деп таниды. Мәншүк мұражайына келгеніңізге аса көп бола қойған жоқ. Жалпы біз Батыр қыздың өмірбаянын толық зерттеп болдық па?
- Жоқ. Әлі күнге Мәншүк Мәметованың туған күні мен туған жеріне байланысты бір тоқтамға келмегеніміз рас. Біз қазір туған күнін 2 қазан деп атап өтіп жүрміз, ал бір деректерде 13 қазан деп берілген. Өз қолымен жазған өмірбаянында ол кісі 13 қараша деп көрсеткен. Ал қаруластары Александра Прокопенко мен Әкентай Халимульдиннің 1989 жылы шығарған "Мәншүктің жұлдызды сағаты" кітабында туған күнін 23 желтоқсан деп көрсетеді. Туған жеріне қатысты да әртүрлі мәліметтер бар. Алматы облысының архивінде Мәншүк апамызды Орал облысы, Орда ауданы, Мешітқұм ауылдық кеңесі, Өркен колхозында дүниеге келген деп көрсеткен. Батыр 1943 жылы 15 қазанда қаза тапты, 1944 жылы 1 наурызда КСРО Жоғары Кеңесінің жарлығымен Кеңестер Одағының Батыры атағы берілді ғой. Сол құжатта туған жері Жәнібек ауданы деп жазған. Және мына музейде тұр құжат. 1941 жылы 27 шілде күні өз қолымен жазған өмірбаянында: "Мен Мәметова Мәншүк 1922 жылы, Орал облысы, Жәнібек ауданы, Қамысты ауылында дүниеге келдім", - деп жазған. Екі ауданның арасына іріткі салудан аулақпын, бірақ ордалықтар Мәншүкті баяғыдан бері біздің жерлесіміз дейді, жәнібектіктер тарихи деректерге сүйеніп өздеріне қарай тартады. Менің ойым тарих бұрмаланбаса, шындық қалпына келсе деймін. Мәншүкке таласудың қажеті жоқ, ол алты алашқа ортақ Батыр.
Баршаға белгілі Ахмет Мәметов пен Әмина Сүлейменқызы - Мәншүктің туған ата-анасы емес. Мәншүктің шын әке-шешесі Ахметтің немере інісі Жеңсікәлі Әлиев пен Тойылша деген жандар. Ерлі-зайыпты Ахмет пен Әмина өз заманының білімді, алдыңғы қатарлы, зиялы адамдары болған. Олар Чернышевский атындағы Саратов университетін бітірген, бірі дәрігер, бірі мұғалім мамандығын игерген. Сөйтіп, бірі мүғалім, екіншісі дәрігер мамандығын алып шығады. Өз перзенттері болмай, Мәншүкті 4 жасында бауырына басқан. Мәнсияны еркелетіп, Мәншүк деп атаған. Өздерінің фамилиясына көшіргенмен, әкесінің атын өзгертпей, Жеңсікәліқызы ғып қалдырған.
Әмина Сүлейменқызының естеліктерінде бар, Жеңсікәлі мен Тойылша 1930 жылдары Жәнібек ауданы Тереңқұдық ауылдық округі, Молотов колхозында қайтыс болған дейді. Ол жер қазір Ақоба ауылдық округіне қарайды. Ақоба ауылында Мәншүк апамыздың туған апасының бейіті бар. Отбасында негізі Нағи, Адыр деген туған ағалары болған деп айтып жүрміз ғой, одан бөлек Ақбөпеш деген әпкесі болған. Ол жайлы жәнібектік журналист Нұрымбек Жапақов жергілікті газетке де жазды. Ақбөпештің қызы Асылғаным деген апай болды. Ақобада тұрды, өмірден өтіп кетті. Жұбайы Темірболат деген кісі. Ұрпақтары Оралда тұрады. Ақбөпеш деген 18 жасында кедей жігітке тұрмысқа қашып кетеді, артынан әкесі қуғыншы жібереді. Қуғыншылар жете алмағасын, содан кейін араласпай қалған деп айтады. Ақбөпештің құлпытасында жазылып тұр: Жеңсікәліқызы Ақбөпеш, руы қашқыншы шеркеш деп, бәрі келіп тұр. Ахмет пен Қанат туған ағайынды да, Жеңсікәлі немере ағайынды. Ол туралы кезінде Орда тарихи-өлкетану музейінің директоры марқұм Темірболат Махимов мақала да жазды. Қанаттың қызы Шолпан апай көзі тірі, биыл 88-ге келді. Алматыда тұрады. Сол кісі айтады, "біздің атамыз Мәмет денсаулығы сыр берген соң 1915 жылы Орда жағынан Жәнібекке көшіп келген дейді. Стансада тұрам, пойызбен қатынауға жақсы",- деп. Енді Қанат Мәметов Жәнібек ауданының Тау ауылында туған. Архив құжаты бойынша солай шығып тұр. Сталинград шайқасынан ауыр жараланып елге келген. Әскерге Ордадан алынған.
-Сіз осыдан біраз жыл бұрын Мәншүк Мәметованың бала кездегі досын тапқаныңызды айтқан едіңіз.
-Ия, мен 2017 жылы Ресейдің Волгоград облысы Палласовка ауданы Красный Октябрь ауылында тұратын Әсия Иматалиева атты әжейді естіп, іздеп бардық. Ол кісі 1923 жылғы. Жәнібек ауданы Ақоба ауылында дүниеге келген. Кейін әке-шешесі құмға көшкен. Балалық шағы Орда ауылында өткен. Сол кісі қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметовамен дос болған. Айтуынша ол интернатта жатыпты. Ал Мәншүк интернаттың қасындағы үшінші үйде тұрыпты. "Мәншүк мені тәрбиешіден сұрап алып кетеді, екеуміз бірге жатамыз. Ол көбіне шалбар киіп жүреді, қыздың киімін кимейді. Кісіге өзі ұрынбайды, ұрынғанды аямайды. Сол кезде ауылда екі велосипед болды. Біреуі ауыл мектебінің директоры Тәжитденов деген татардың қызында, екіншісі Мәншүкте. Сонда Мәншүк мен ата-анаммен тұрып жатқан жоқпын, аға-жеңгемнің үйіндемін деп айтты",- деп еске алады. Ол аға-жеңгесі Ахметтің інісі Қанат пен Майра болуы мүмкін. Ахмет пен Әмина Ордада тұрды деген дерек жоқ. Ол әжеміз де қайтты бірер жыл бұрын жүзге жақындап. Жалпы жұмбақ көп Мәншүктің өмірбаянында. Мысалы Ахмет пен Әмина 1928-29 жылдары Семей қаласында тұрған дейді. Сол жөнінде Семейге архивке өтініш жаздым. Олар мәлімет жоқ деді. Ахмет ағамыз денсаулық сақтау саласында істесе, Әмина партия мектебінде сабақ берген. Ол жөнінде мұрағатта құжаттар болуы керек қой.
-Мәншүктің соғысқа өзі сұранып барғанын білеміз. Оның алдында, 1937 жылы әкесі Ахмет халық жауы деген жаламен тұтқындалып, атылады. Анасы Әмина дүркін-дүркін тергеуге шақырылады. Бұрынғы жора-жолдастары отбасынан теріс айналады. Мәншүк өз еркімен майданға аттану арқылы, өз жанұясын осы жаладан құтқарып, әкесін әділетсіздіктен ақтап алғысы келген деседі. Жалпы қаршадай қыздың қайсарлығы қайдан пайда болған?
-1942 жылдың тамызында Қазақ ССР астанасы Алматыда қазақтың жүзінші жеке атқыштар бригадасы жасақталды. Бригада түгел дерлік қазақ жауынгерлерінен құралады. 1942 жылдың 25 қарашасы күні 39-армия бірінші рет ұрысқа кіреді. Міне, осы бригада қатарында шығыстың шолпаны Мәншүк Мәметова да бар еді. Мәншүк қаза тапқанда генерал Кузьма Галицкийдің айтқаны бар. "Мәншүк соғыс тарихының жаңа бетін ашты" деген. Мәншүктің ерлігі - өшпес ерлік. Себебі Ахметқазы Болатов өз естелігінде айтады. "Соңғы тірі көрген мен. Шегінуге бұйрық берілді. Біз артқа жылжып келе жатырмыз. Мәншүкке 3-4 метр жерге келіп, таста бәрін, кеттік деп айттым. Ол шегіне беріңдер, мен жауды тоқтата тұрам деді. Бір уақытта қарасам ол үш Максим пулеметінің ортасында жүгіріп, жауға оқ боратып жатты. Басынан, аяғынан, қолынан жараланған, жараланған жерін таңып алған. Сосын 400 метр жерге шегінгенше, артымыздан қарудың сақылдаған үні естіліп тұрды. Бір кезде қатты жарылыс болды да пулеметтің үні өшті. Біз бәрі бітті деп күрсіндік. Сол күнгі шайқаста біздің бригада жігіттерінің басым көпшілігінің аман қалғаны қазақтың қаршадай қызы Мәншүктің ерлігінің арқасы", - деп мойындайды.
Сосын Мәншүк апамыз туралы 1985 жылы 29 наурыз күні "Қазақ әдебиетіне" шыққан мақала бар "Қасық қан" деген. Сонда Егемқұл Тасанбаев естелігінде алдыңғы шепта ауыр жарақат алғанын, медсанбатқа жеткен соң екі күн қан болмай қансырап жатып қалғанын жазады. Сонда Мәншүк келіп өзінің қанын берді, сөйтіп аман қалдым дейді. Жалпы Мәншүк апамыз бала күнінен ерекше болған. Анасы Әминаның естелігінде бір күні Мәншүк үйге сарыбас жыланды қорықпай, қылғындырып алып келгенін айтады. Сосын осы жазбада Оралда тұрған кезінде лагерьде жүргенде Деркөл өзеніне Әсия деген қыз суға кетіп қала жаздайды. Сонда Мәншүк өзі жүзу білмейтініне қарамастан, ана қызды құтқарам деп ойланбай өзенге секіреді. Суға қатар батып бара жатқан қос қызды жағада жүрген ер азаматтар келіп шығарып алып қалған деседі. Сонда Әмина апай ұрсып жатқанда, Ахмет араша түсті дейді, менің қызым батыр деп. Мен Мәншүк апамызға қатысты Ұлттық кітапханада сақталған 768 мақаланы оқып шықтым, осы музейде жұмыс істегесін білмей қалып жүрмейін деп. Ішінен іріктеп 211-інің көшірмесін алып келдім. Солардың арасынан тағы сұрыптап, 115 мақаланы "Айналған мәңгі жалынға" атты жинақ шығардық 2023 жылдың қазанында. Оны да аннан-мұннан қаржы жинап, демеуші тауып бастырдым. Бюджеттен оған ақша қаралмаған. Жалпы кітапқа материал көп. Себебі 2007 жылдың 8 мамырында Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігінің №181 бұйрығымен Ұлы Отан соғысы туралы құжаттар құпиялылығын жойды да, көптеген тың мәлімет пайда болды. Мәселен 1942 жылдың қыркүйек айында алғы шептегі 103 мың 881 адам қарусыз болған. Ол туралы мәліметтер тауып, газетке жаздым.
-Ұлы Отан соғысына қатысты ақтаңдақтарды анықтауға аз үлес қосып жүрген жоқсыз. Осы бағыттағы өз зерттеулеріңізбен бөліссеңіз?
- Орал облысынан қан майданға 76 мың 600 жауынгер аттанса, соның 34 мың 600-і оралмаған дейді. Бірақ бұл қатып қалған сан емес. Мысалы 2010 жылы "Жаралы жылдар жаңғырығы деген кітабым шықты. Сонда 2000 жылы Орал қаласынан шыққан "Боздақтар" кітабының 6-шы томына енбей қалған Жәнібек ауданы бойынша 463 адам анықталса, 2020 жылы "От кешкен ордалықтар" деген кітабымда "Боздақтар" кітабында аты аталмаған 664 адамның дерегін анықтадым. Сонда екі ауданнан 1129 адам соғысқа қатысқандар тізіміне енбей қалған. Оның бәрі Кеңес Одағы кезіндегі соғыста қайтқан адам санын азайтып көрсету саясаты деп ойлаймын. Сосын мына облыстың Жаңақала, Жәнібек, Бөкей Ордасы, Казталовка аудандарында дүниеге келгендердің көбі Ростов, Волгоград, Саратов облыстарынан әскерге алынған. Сірә, аштық жылдары, азамат соғысы, ұжымдастыру кезеңінде бас сауғалап Ресейге қарай үдере көшкендер болса керек. Сосын біздің өңірден 40 жерлесіміз Ұлы Отан соғысында ерлік көрсетіп, Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған. Алайда түрлі себептермен үкіметтің ең жоғары наградасын ала алмаған. Полк командирлері, дивизия командирлерінің ұсынысын бәрі қолдап келеді де, Әскери кеңес бекітпей тастайды. "Қызыл Ту" не 1-ші дәрежелі "Отан соғысы" ордені ғана берілген. Соның ішінде бір әйел адам бар, Тележинская Любовь Федоровна деген, ұлты - орыс, Орал қаласынан. Бедский Василий деген украин ұлтының өкілі бар, ол екі рет Батыр атағына ұсынылып, екеуінде де өтпей қалған. Көп ондайлар. 2019 жылы Астана қаласынан "Ұмыт қалған қаһармандар" деген кітап шықты. Сол еңбекте Қазақстан бойынша Кеңестер Одағының Батыры атағына ұсынылған, бірақ өтпеген 133 адамның аты аталады. Менің жеке зерттеуім бойынша біздің облыстан 27 адам сол тізімге кірмей отыр. Сондай-ақ соғыс жылдары майдан газетінде істеген 29 жерлесімнің құжаттарын анықтадым. Және қосымша архивтермен жұмыстану нәтижесінде 102 әскери ұшқыштың құжаттарын таптым. 1941-45 жылдары майданда ерлік көрсетіп, "Қызыл Ту" орденімен марапатталған 418 батысқазақстандықтың дерегін білдім. Сосын батальон командирі болған 24 офицер туралы мәлімет жинақтадым. Соғыстан қайтпаған аталарын іздеп хабарласушылар да аз емес. Ол менің жеке хоббиім, ақылы қызмет емес. Сәуір туғалы күніне 15-20 азамат қоңырау соғады. Кейбіреулері табылады, офицерлер болса фотосымен шығады. Соғыс тұтқындары туралы да тың деректер шығып жатыр. Мәселен, Мәскеудің Подольсктегі архивінде 627 тұтқынның хаты сақтаулы тұр. Соның ішінде біздің облыстан 10 шақты хат бар. Атыраудан 7-8 хат бар. Сосын сол кездегі Сталинград пен Саратов облысы қазақтарының хаттарының да көшірмесін алып келдім. Ресейден аттанғанмен, олар да батыстың жігіттері ғой деп. Хаттардың басына "туыстарына, ағайындарына таратпаңдар, компромат үшін қажеттілікке ұстаңдар, - деп жазыпты кезінде. Мәншүкке қатысты да тың деректер бар. Мәселен, Саратов қаласында болған кезінде Мәншүкті баққан Пелагея есімді қыз бала кейін Қамыстыда тұрған. Өлерінде басына Балқия Ахметқызы деп жазуды балаларына тапсырып кеткен. Ол жөнінде қосымша зерттеп жатырмын. Әбден иі қанғасын жариялайтын боламын.
-Ахмедияр Қуанұлы, әңгімеңізге көп рахмет!