Маңғыстаулықтар кәсіпкерлік негіздерін онлайн оқи алады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Маңғыстаулықтар «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін «Skills.enbek.kz» платформасында онлайн оқи алады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жоба 25 шілдеден басталады. «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жаңа форматта қолжетімді болды. «Бастау Бизнес» жобасы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба арқылы азаматтардың бизнес-бастамаларын қолдаудың мемлекеттік шаралар кешені шеңберінде іске асырылады.
Оқу курсына жазылу үшін Business.enbek.kz порталда тіркелу, оқыту шарттарына сәйкестігіне автоматты тексеруден өту қажет. Шарттарға сәйкес болған жағдайда қатысушы «Skills.enbek.kz» платформаға өтіп, оқуға кірісе алады.
«Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқыту онлайн курсының қатысушылары бола алады: 1) жұмыссыздар; 2) ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер; 3) зейнеткерлік жасқа жетпей жұмыстан қысқартылатын қызметкерлер; 4) жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей кіріс алу мақсатында тауарларды өндіру (өткізу), жұмыстарды орындау және қызметтерді көрсету жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар және (немесе) жұмыс істемейтін жеке кәсіпкерлер; 5) отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар; 6) табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен, сату (айырбастау) үшін жеке қосалқы шаруашылықта өнім өндіру жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар; 7) табыстары ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооперативтердің мүшелері.
Оқыту 14 күнтізбелік күннен аспайды. Әр қатысушы курсты жеке-жеке меңгерумен айналысады. Оқу толығымен тегін. Оқыту келесі кезеңдерден тұрады:
- бірнеше модуль бойынша онлайн оқыту курсы;
- қорытынды тестілеу;
- оқудан өткені туралы сертификат алу.
Оқу барысында пайдаланушы бірнеше сабақтардан тұратын 12 модульден өтуі керек. Әрбір модуль аяқталған соң аралық тестілеу өткізіледі. Келесі оқу модуліне өту үшін қатысушы тестілеуді тапсыру кезінде дұрыс жауаптардың кемінде 70%-ын жинауы керек. Аралық тестілеуден өту әрекеттерінің саны шектелмейді. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту онлайн курсы егер қатысушы қорытынды тестілеуді тапсыру кезінде дұрыс жауаптардың 70%-дан астамын жинаған жағдайда өтті деп есептеледі.
Дұрыс жауаптардың 70%-нан төмен жинаған қатысушыға қорытынды тестілеуден екі рет қайта өту мүмкіндігі беріледі.
Оқыту қорытындысы бойынша қатысушы бірегей нөмірі бар электрондық сертификат алады. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы сертификаттың қолданылу мерзімі 3 жылды құрайды. «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздеріне оқыту» онлайн курсынан өткен қатысушылар ұлттық жоба шеңберінде бизнес-идеяларды іске асыруға грант алуға үміткер бола алады.